Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте сауда нысандарының жағдайы және базарларды жаңғырту мәселелері талқыланды. Бұл туралы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндады.
Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасы іске асырылуда. Бүгінде «СМОКК» базары бойынша құрылысқа арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Кәріз және су құбыры желілерін салу жұмыстары аяқталып, техникалық шарттар алынды. Қазіргі уақытта контейнерлер мен шатыр құрылымдарын демонтаждау жүргізілуде. Жалға алушылардың бір бөлігі «Северный» сауда-логистикалық орталығына және Қашағанов көшесінің арғы бетіндегі уақытша сауда аумақтарына көшірілді. Дайындық шаралары аяқталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
Сондай-ақ, базар аумағындағы сауда контейнерлерін демонтаждау жүргізілуде. «Нива» сауда үйі бойынша түскен ескертулер нәтижесінде жаңғырту жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта шатыр жөнделуде және ғимараттың сыртқы келбетін жаңарту бойынша эскиздік жоба әзірленді. «Турист» қонақ үйі бойынша эскиздік жоба дайындалды. Сонымен қатар, «Rakhat Palace» қонақ үйі мен «Жақсылық» бизнес орталығында қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
«Жалпы, сауда нысандарын жаңғырту және олардың сыртқы келбетін ретке келтіру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Бірқатар нысандарда оң өзгерістер байқалады. Сонымен қатар, жекелеген базарлар бойынша инженерлік инфрақұрылымға қосылу, қаржыландыру және құрылыс жұмыстарын жеделдету мәселелері өзекті. Бұл ретте аталған жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз ету қажет. Аудан орталықтарындағы сауда нысандары да назардан тыс қалмауы тиіс», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ