Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында Бейбітшілік аралындағы Рәміздер алаңының құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жыл басында Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде Рәміздер алаңының іргетасы қаланып, құрылысы басталған болатын.
Жобаға сәйкес алаңның диаметрі 28 метрді құраса, жалпы биіктігі 35 метр болады. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан нысан қаланың сәулеттік келбетіне ерекше сән бермек. Сондай-ақ, тұрғындар мен қонақтар үшін маңызды қоғамдық кеңістіктің біріне айналмақ.
Қазіргі уақытта алаң аумағында құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы қаланы аралау барысында Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» монументі мен оған іргелес аумақты қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен де танысты.
Облыс әкімі мердігерлерге тарихи маңызы зор нысанның айналасын абаттандыру және ретке келтіру жұмыстарын уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
«Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Бұл – өңіріміз үшін ғана емес, еліміз үшін тарихи маңызы зор дата. Осыған орай «Өлімнен де күшті» монументі маңын толық абаттандырып, ретке келтіріп жатырмыз. Тас төсеуіштерді, орындықтарды жаңалап, баспалдақтарды қалыпқа келтіріп, тұрғындардың серуендеуіне қолайлы жағдай жасауымыз қажет», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ