Республикалық байқаудың марапаттау рәсімі өтті

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Қоғамдық келісім» үйінде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Біз жеңістің ұрпақтарымыз» атты Брайль жүйесінде эссе жазудан республикалық байқауының марапаттау рәсімін өткізді. Бұл бастама мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын қолдау, Брайль жүйесін насихаттау және Ұлы Отан соғысы туралы тарихи оқиғаларды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға Қазақстанның әр аймағынан Жамбыл облысы, Алматы, Павлодар, Астана, Шымкент т.б. қалаларынан 50-ден астам қатысушының жұмыстары ұсынылды.

Аталмыш байқау Абай атындағы Жамбыл облыстық педагогикалық колледжі студенттерінің «Сұрапыл соғыс қасіреті» атты сахналық қойылымымен басталып, «Баллада о матери» (Ольга Киевская) шығармасы бойынша көрінісі, «Әлия», «Қазақ солдаты» патриоттық әндерімен жалғасты.

Жеңімпаздарды «Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының» басшысының орынбасары С.Мадиева мен «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасының» басшысы А.Байұзақов арнайы дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Comments (0)
Add Comment