Қызметтің тегін және ақылы тарифі қарастырылған. Тегін пакет WhatsApp пен Telegram арқылы мәтіндік хабарлама жіберуге мүмкіндік береді. Толық интернет, әлеуметтік желі, бейнесервис және жұмыс қосымшасын пайдалану үшін ақылы тарифке қосылу қажет.
Тасымалдаушыларға жолаушылар пойызын интернетпен жабдықтау қарқынын жеделдету тапсырылды. Жоспар бойынша аталған жұмыс 2026 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Байланыс сапасы пойыз бағытына, жер бедеріне және спутниктік сигналдың тұрақтылығына байланысты болуы мүмкін.
Қазақстан темір жолы былтыр Eutelsat OneWeb және Starlink спутниктік жүйесін сынақтан өткізген. Пилоттық жоба Астана – Алматы және Астана – Өскемен бағытындағы пойыздарда жүзеге асырылды. Тестілеу қозғалыстағы құрамға тұрақты интернет беру техникалық жағынан мүмкін екенін көрсетті.
Компания келесі кезеңде тағы үш бағытты интернетпен қамтуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Алматы – Павлодар бағытындағы №31/32 және Павлодар – Түркістан бағытындағы №45/46 пойызы бар. Нұрлы жол – Атырау бағытында қатынайтын №47/48 құрамын да желіге қосу көзделген.
Пойыздағы интернет шалғай өңірлер арасындағы сапар сапасын арттыруға бағытталған. Жолаушы жол үстінде жақындарымен байланысып, қажетті құжатпен жұмыс істеп немесе цифрлық қызметті пайдалана алады. Спутниктік технология ұялы байланыс әлсіз учаскелерде де желіге шығуға жағдай жасайды.
Фото: Ertenmedia.kz