Тараз қаласындағы «Қарасу» (5) шағын ауданында орналасқан №15 тұрғын үйдің 5-қабатындағы қойма бөлмесінен өрт шығып, тілсіз жау ғимараттың шатырына тарады.
Өрт салдарынан шатырдың шамамен 900 шаршы метрі зақымданды. Оқиға орнына жедел қызметтер дереу жұмылдырылып, өрт толықтай ауыздықталды, қазіргі таңда жағдай толық бақылауға алынған. Зерделеу жұмыстары барысында тұрғын үйдегі барлық 90 пәтер тексеріліп, 55 пәтердің зардап шеккені анықталды, оның ішінде 36 пәтерде су өту фактілері тіркелді.
Қазіргі уақытта жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қалпына келтіру жұмыстарына 60 маман мен арнайы техника тартылып, шатырды демонтаждау жұмыстары толық аяқталды, қазір монтаждау кезеңі жүргізілуде. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың жағдайы тұрақты бақылауда.