Өркендеген ауыл: Жуалы ауданының орталығында жұмыс жанданып келеді

Ауылға көңіл бөлу – бос ұран емес, нақты іспен дәлелденетін міндет. Жолы жөнделіп, жарығы жанып, балалары алаңсыз ойнап, тұрғындары жайлы өмір сүргенде ғана ауылдың шын мәнінде көркейіп жатқанын айтуға болады. Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылы – бүгінгі таңда инфрақұрылымы дамып, жаңа тыныс алған елді мекендердің бірі. Ауылда атқарылып жатқан жұмыстар мен тұрғындардың өмір сапасына қатысты өзгерістер жайында ауыл әкімі Ратбек Кусембаевпен сұхбаттасқан едік.

— Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Осы орайда Бауыржан Момышұлы ауылында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берсеңіз.

— Иә, рас айтасыз. Ауылға көңіл бөлу және оның жағдайын жақсарту – мемлекеттік маңызы бар іс. Кез келген экономикалық реформаның басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы бағытта ауданымыздың ең ірі елді мекені – Бауыржан Момышұлы ауылында бірқатар ілкімді істер атқарылып жатыр. Бүгінде ауыл тұрғындарының саны 14 870 адамға жетті. Сәйкесінше, инфрақұрылымды жақсарту мен әлеуметтік нысандарды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

— Жыл басынан бері нақты қандай жұмыстар атқарылды?

— Ауыл орталығында біраз игі істер жүзеге асты. Мысалы, Жамбыл көшесінің бойындағы орталық алаңдағы сахна қайта қалпына келтіріліп, қолданысқа берілді. Кейбір көше жолдарының тозығы жеткен бөліктеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Т.Тастандиев көшесіндегі №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия мен Парасат көшесіндегі Мемлекеттік кірістер басқармасы алдындағы автотұрақтарға асфальт төселді. Әль-Фараби, Қ.Түрікбаев, Тәуелсіздік және Мұнайшы көшелеріндегі көпқабатты үйлердің аулаларына асфальт төселіп, балалар алаңшалары орнатылды. Тағы бір айта кететін жайт, жақында ғана Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігімен келісім жүргізіліп, ауылға 4 топтама ойын алаңшасы тегін жеткізілді. Маусым айында бұл алаңшалар төрт көше бойына орнатылады. Осылайша біз бір жағынан бюджет қаражатын үнемдедік. Әрі балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануына, ойын кезіндегі қауіпсіздігін арттыруға мол мүкіндік жасадық.

— Тұрғындардың өтініш-тілектері ескеріліп жатыр ма?

— Әрине. Халықтың пікірі мен ұсыныстары біз үшін әрдайым маңызды. Соңғы кезде тұрғындар жиі көтеріп жүрген мәселе – жол жөндеу жұмыстары. Осыған байланысты биыл Бауыржан Үсенов көшесі мен аурухана маңындағы Ұлан көшесі толық орта жөндеуден өтеді. Бұған қоса, Бейсенбек Сафинов және Шоқан Уәлиханов көшелері де жөндеу жоспарына енгізілді.

Сонымен қатар, Сұлтан Бейбарыс көшесіне арық (лоток) орнатылып, Шетбұлақ көшесіндегі көпір кеңейтілді. Тәуелсіздік көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Жыл басынан бері 300-ден астам жарық шамдары ауыстырылып, 8 шақырымға жуық электр кабельдері жаңартылды.

— Білім беру мен оқушылар қауіпсіздігіне қатысты нақты қандай жұмыстар жасалынды?

— Бұл – біз үшін аса маңызды бағыт. №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің маңайына және №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияға апаратын жол бойына қауіпсіздік мақсатында арнайы қоршаулар орнатылды. Сондай-ақ Алатау көшесі кеңейтіліп, жол қозғалысы қауіпсіздігі арттырылды.

— Ал абаттандыру мен экология мәселесі ше?

— «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауылда тазалық, көгалдандыру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. 7000-ға жуық гүл, 2000-ға жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Қураған ағаштар кесіліп, орнына жаңа талдар егілді. Б.Үсенов көшесінен жаңадан сквер салынып жатыр, жақын арада балалар ойын алаңы да орнатылады. Сонымен қатар «Бәйтерек» архитектуралық нысанына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

— Қоғамдық маңызы бар істер жөнінде де тоқталып өтсеңіз?

— Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай тыл ардагерлері арнайы төсбелгілермен марапатталды. Олар – еліміздің бейбіт өмірін қалыптастыруда сіңірген еңбектері үшін бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің Жарлығымен алтын құрсақты аналарымыз «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталды.

— Ауыл тұрғындарына кәсіп ашуға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

— Үкімет тарапынан 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ұсынылып отыр. Жыл басынан бері 38 адам құжат тапсырып, оның 18-і қаржыландырылды. Қазір кәсіпкерлер өз істерін дөңгелетіп отыр. Бұл — ауыл экономикасын дамытудың бірден-бір жолы.

— Жұмыспен қамту бағытында қандай шаралар жүзеге асырылды?

— Жыл басынан бері ауыл бойынша 41 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Мүгедектігі бар 12 азамат, пробацияда тұрған және бас бостандығынан босатылған 3 адам жұмысқа тартылды. «Күміс жас» жобасы аясында зейнеткерлік жасқа таяған 26 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 229 адамнан тұратын 41 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

— Соңғы сұрақ. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Біздің басты мақсатымыз – ауылдың көркеюі мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Осы бағытта жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Қазіргі кезде Қазыбек би көшесіне абаттандыру жобасы әзірленуде. Сонымен қатар, тұрғындарға атқарылған істер туралы тұрақты түрде ақпарат беріп отыру – басты міндетіміз.

— Сұхбатыңызға рақмет! 

Бақытжан Бекболат,
журналист

Comments (0)
Add Comment