Аудан әкімі өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыстардың барысымен танысты.
Алдымен, аудан басшысы Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылында бой көтеріп жатқан заманауи спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Жалпы аумағы 2,7 гектарды құрайтын, 1800 шаршы метрлік заманауи спорт нысаны — «Zerbulag» ЖШС-нің демеушілігімен салынып жатыр. Өткен жылдың желтоқсан айында құрылысы басталған бұл нысан ағымдағы жылы ел игілігіне берілетін болады.
Бұдан әрі аймақ басшысы Қостөбе ауылдық округінде салынып жатқан заманауи демалыс орнының құрылысымен таныс болды. «Мухиев Есей Қадымұлы» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырып жатқан бұл ауқымды жоба бірнеше бағытты қамтиды.
Атап айтқанда, демалыс орнының аумағында ұлттық нақыштағы этноауыл, ат спортына арналған алаңдар, балық аулауға бейімделген арнайы аймақтар мен келушілерге қолайлы инфрақұрылым салынуда. Жоба толық іске қосылған жағдайда тұрғындар мен қонақтарға табиғат аясында тынығуға, ұлттық дәстүрлермен танысуға және белсенді демалыс түрлерімен айналысуға мол мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, бұл кешен аудан ғана емес, республика көлемінде танымал туристік нысанға айналуы күтілуде.
Байзақ аудандық ақпараттық медиа орталығы