Облыс әкімі Үржар ауданында бірқатар нысандарды аралады

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауылына барып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы әуелі Үржар ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жобасын көрді. Жоба бойынша оң мемлекеттік сараптама қорытындысы 2024 жылғы 4 қарашада алынған. Құрылыс жұмыстарын 7 ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңғырту жобасы аясында стадион заманауи талаптарға сай жабдықталып, көрермендерге арналған орындар, спортшыларға қажетті инфрақұрылым мен инженерлік желілер жаңартылады. Стадион 150 көрерменге арналған. Нысанның жалпы жер аумағы 3,5 гектардан асады.
Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 2024 жылы аудандық бюджеттен 5,9 млн теңге бөлінген. Биыл жобаны іске асыру үшін бюджеттік өтінім ұсынылып, қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.
Облыс әкімі спорт инфрақұрылымын дамыту өңір үшін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Ауылдардағы спорт нысандары тұрғындар үшін қолжетімді әрі заманауи талаптарға сай болуы керек. Бұл, ең алдымен, жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру маңызды», – деді Берік Уәли.
Сондай-ақ аймақ басшысы Үржар ауылындағы Рауия Белеуханова көшесіндегі ауыз су құбырларын жаңарту жобасының барысын да көрді.
Аталған су құбыры 1969 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде Үржар ауылындағы қолданыстағы су желілерінің жалпы ұзындығы 42 шақырымды құрайды. Жоба жүзеге асқан жағдайда 1360 тұрғын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етіледі.
Жалпы құны 374,6 млн теңгені құрайды. Құбыр желісінің ұзындығы – 1627 метр, диаметрі – 400 мм. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қарауында.
Облыс әкімі ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және инженерлік желілерді жаңғырту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Соңғы үш жылда ұлттық бағдарламалар аясында аудан бойынша су желілерін салу және қайта жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 77,1 пайыздан 100 пайызға дейін жетті. Қазіргі таңда Үржар ауданындағы 35 елді мекен толықтай таза ауыз сумен қамтылған.
Аудандағы барлық елді мекендердегі ішкі су құбырлары желісінің жалпы ұзындығы 431,3 шақырымды құрайды. Бүгінде Үржар ауданының 27 елді мекенінде орталықтандырылған су құбыры жүйесі жұмыс істесе, 8 елді мекенде блок-модульді станциялар орнатылған.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Comments (0)
Add Comment