Министр «Small», «Magnum» сауда желілерін аралап, мониторинг жүргізді: 1 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 1 қаңтарда елордадағы сауда желілеріне мониторинг жұмыстарын жүргізді. Ведомство басшысы ірі Small, Magnum, Анвар сауда желілерін аралады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сауда желілері бүгін 10:00-де өз жұмысын бастады. Алғашқы келушілердің бірі болған сауда министрі баға тұрақтылығы мен сөредегі тауарлардың қолжетімділігіне, ассортиментіне баса назар аударды.
“Біз арнайы 1-қаңтарда сауда желілерін аралап шықтық. Мақсатымыз — бүгінгі бағаның тұрақты екеніне көз жеткізу. Ешқандай өзгеріс, тапшылық жоқ. Жаңа жылдың алдында біз сауда желілерімен бірлесіп Береке fest акциясын өткіздік. Сауда желілері әлі де түрлі жеңілдіктер ұсынып жатыр. Сөреде тауар толы. Осындай тұрақты жағдай барлық сауда объектісінде болуы керек”,-деді Арман Шаққалиев.
Сауда желілерінің өкілдерімен кездескен министр бағаны тұрақты ұстауды және оны негізсіз өсірмеуді тапсырды. Сондай-ақ министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесіне бақылау жұмысы жүйелі жүргізіліп жатқанын еске салды.
Мұндай мониторинг жұмыстарын министрдің тапсырмасымен өңірлердегі сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттері жергілікті әкімдікпен бірлесіп белсенді жүргізіп жатыр. Айта кету керек соңғы 6 апта бойы ӘМАТ тауарларының бағасы тұрақты.