Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есепті тыңдап, экономиканы одан әрі әртараптандыру жоспарымен танысты.
➤ Премьер-министр бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 4,1 пайызға өскенін баяндады.
Экономика құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 9,8 пайызға, көлік саласы – 7,1 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға артты.
Сондай-ақ сауда-саттықта – 5,7 пайыз, ауыл шаруашылығында – 4,4 пайыз және байланыс қызметінде 4,3 пайыз өсім тіркелді.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгені құрады, соның ішінде жеке инвестиция 21,4 пайызға ұлғайды.
Олжас Бектенов ұлттық экономика құрылымын нығайту жөнінде есеп берді.
Биыл өңдеу секторында 1,7 триллион теңгеге 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жұмыс орны ашылады.
Үкімет басшысы ірі автожол жобаларының жүзеге асырылу барысы, Астана қаласындағы екінші әуежайдың құрылысын және Tarlan Astana көлік жүйесінің келесі кезеңін жоспарлау туралы айтты.
Пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетпек.
Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көрсеткіші 15 триллион теңгені құрап, егістік алқаптары 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайды.
Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінді. Бұл ретте бюджеттің әр теңгесі 6,5 теңге жеке инвестиция тартуға септігін тигізді.
Мемлекет басшысына Халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуы және инфляцияны төмендету шаралары туралы ақпарат берілді.
Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайызды құрады.
Президентке әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдіру нәтижелері туралы баяндалды, сондай-ақ жұмысқа орналасуға ынталандыру арқылы әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру тәсілдері таныстырылды.
Кейбір әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жылына 800 миллиард теңгеден аса қаржы үнемделеді.
Comments (0)
Add Comment