Мәжіліс депутаттары Шымкенттегі тоқыма кәсіпорнын аралады

Мәжілістің Баспасөз қызметі
Мәжіліс депутаттары Шымкенттегі тоқыма кәсіпорнын аралады: 13 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Данабек Исабеков пен Нұрсұлтан Байтілесов Шымкент қаласындағы «Balabi Textile» кәсіпорнының өндіріс барысымен танысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорын 2024 жылғы желтоқсан айында іске қосылған. Жобаны жүзеге асыруға 6,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, нәтижесінде 260 тұрақты жұмыс орны ашылған. Қуаты жылына 50 млн жұп шұлық өнімін шығаруға жететін Кәсіпорын өз өнімін ішкі нарықпен қатар, алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды.

Депутат Данабек Исабеков мұндай жобалардың қала әлеуетін көтеруде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Заманауи кәсіпорындардың іске қосылуы ел экономикасын әртараптандыруға, отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен үлес қосады. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған тетіктер бар, сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы өндірісті кеңейтуге болады, – деді ол.

Мәжіліс депутаттары кәсіпорын жұмысына оң баға беріп, мұндай өндіріс ошақтары Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін айтты. Кездесу барысында кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау, экспортты ұлғайту және өндіріс көлемін арттыру мәселелері де сөз болды.

Comments (0)
Add Comment