Жуырда Тараз қалалық әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті атқарушы орган өкілдері, мердігер компаниялар мен техникалық қадағалаушы мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті. Басқосу барысында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Жамбыл облыстық филиалының бөлім бастығы Мадияр Мырзалимов сөз сөйлеп, орташа жөндеуден өтетін елді мекен көшелерінің техникалық ведомстволық сараптамаларын өткізу, жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау және асфальт төсеу технологиясы жөнінде толық мағлұмат берді. Ол өз сөзінде жолшылар жергілікті атқарушы орган өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге қашанда мүдделілік танытатынын жеткізді. Сондай-ақ жиында жергілікті атқарушы орган өкілдері мен мердігер ұйымдардың өкілдері өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Жалпы, биыл Жамбыл облысында жол саласында 357 жобаны іске асыру, оның ішінде 690,5 шақырым жолға құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бүгінде 219 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. 2024 жылдың қортындысына сәйкес, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Атап өтейік, бүгінгі таңда облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 038 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 1 237 километр республикалық, 1 756 шақырым облыстық және 1 383 километр аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.