Мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа қалай орналасады?

Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау және оларды тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ерекше қажеттілігі бар жандарды еңбек нарығына тарту – негізгі басымдықтардың бірі.
Осы мақсатта «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанынан құрылған жұмысшы топ «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарда зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Жұмысшы топтың басты міндеті – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған 2-4 пайыздық квотаның сақталуын бақылау, олардың еңбек құқықтарының қорғалуын қадағалау және жұмыс орындарында кедергісіз қозғалысқа қажетті жағдайдың жасалуын зерделеу.
№2 қалалық емхана
Мекемеде 400-ден астам қызметкер жұмыс істейді, оның 7-уі – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Алайда ғимараттың қолжетімділік талаптарына толық сай еместігі анықталып, анықталған олқылықтарды жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапты.
Тараз қаласының әуежайы
Әуежайда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұруына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, мекемеде 2-4 пайыздық квота толық сақталып, екі азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жамбыл политехникалық колледжі
Колледжде 400-ге жуық қызметкер еңбек етеді, оның 6-уы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Квота талаптары толық орындалған.
Нақты деректер:
2024 жылы 21 мекеме тарапынан 24 бос жұмыс орны ұсынылып, барлығы тұрақты жұмыспен қамтылды
2025 жылы Мансап орталығы арқылы 341 азамат белсенді шараларға тартылып, 199-ы тұрақты жұмысқа орналасты
Арнайы жұмыс орындарын ашуға арналған субсидиялау бағдарламасы аясында жоспардан тыс 10 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбекке араласуына қолайлы жағдай жасау және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік беру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Comments (0)
Add Comment