Мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың тетігі болып табылатын түрлі бағдарламалар мен жобалар ауданымызда сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінде жастар озық ойлы, ұшқыр білімді болуды қалайды. Оған үкіметтен көптеген істер жасалуда.
Осы орайда, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Көңілді тапқырлар алаңы» (КТА) атты аудандық ойыны өтті. Шараның басты мақсаты – “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру аясында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, тапқырлық пен бірлесе жұмыс жасау дағдыларын дамыту, жастар арасында позитивті көңіл күй қалыптастыру болып табылады.
Жайдарды жастар алаңына айналған КТА-ның ашылуына аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараға ауданға қарасты жалпы білім беретін мектептердің КТА командалары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Әр команда ерекше ұран, киім үлгісі және әзіл-қалжың элементтері арқылы көрермендердің ықыласына бөленді. Қазылар алқасында аудандық білім бөлімінің қызметкері Бота Бетаева, аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Балғабай және аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Сарысу медиа» орталығының директоры Самат Жанқожаев пен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» Жаңатас қаласының Жастар ісі жөніндегі маманы Нұрсұлтан Андрекбаев төрелік жасап, қатысушылардың өнерлерін сарапқа салды.
Сарысу ауданы