Көсемәлі Сәттібайұлымен әдеби кездесу

Таразда көрнекті қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлымен әдеби кездесу өтіп, жаңа кітабы таныстырылды.
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен жазушы Көсемәлі Сәттібайұлымен «Жалғызқара» романына арналған тағылымды әдеби кездесу өтті. Іс-шара «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында ұйымдастырылып, ел руханиятына сүбелі үлес қосқан қаламгер шығармашылығын насихаттауға арналды.
Кездесудің негізгі арқауы – жазушының Кемел Тоқаев туралы жазған «Жалғызқара» атты ғұмырнамалық-танымдық романы. Қазақ детективінің негізін қалаушы жайлы жазылған бұл шығармада автор тарихи шындық пен көркемдік әдісті шебер ұштастырып, ел басынан өткен қиын кезеңдер мен азаматтық ұстанымдарды терең суреттеген.
Іс-шара аясында фойеде роман жазу барысында жиналған архивтік құжаттар мен фото-суреттерден құралған көрме де көпшілік назарына ұсынылды.
Кездесуге әдебиеттанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, роман туралы пікір білдірді. Өз кезегінде сөз алған Ф.ғ.д., профессор Сәмен Оразғалиұлы:
– «Жалғызқара» – дерекке негізделген, шындықты арқау еткен кесек туынды. Кемел Тоқаевтың өмір жолын оқырманға жақын әрі шынайы жеткізе білген», – деді Сәмен Құлбарақ
Кеш барысында ерекше құрмет көрсетіліп, Жамбыл облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушы Көсемәлі Сәттібайұлына арналған Алғыс хатын табыстады. Айта кетерлігі, бұл шығарма үшін Мемлекет басшысы қаламгерге арнайы құттықтау хатын жолдаған. Онда Президент:
«Ұлттық әдебиетіміздің дамуына мол үлес қосып жүргеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін», – деп жазған.
«Жалғызқара» романы – архив пен көркем ойдың тоғысында дүниеге келген, тарихи жадыны жаңғыртатын құнды дүние ретінде әдебиет сүйер қауым жоғары бағалауда.
Comments (0)
Add Comment