Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қытайлық «KNGP VORTEX GAS» компаниясының өкілдерімен кездесті.
Аталған компания Тараз қаласында «QAZAQGAZ» ұлттық компаниясымен бірлескен қуаттылығы жылына 70 мың тонна болатын шағын тоннажды сұйытылған табиғи газ зауытын салуды жоспарлап отыр.
Шаһар басшысы өз кезегінде аталмыш жобаның қала экологиясы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, бұл бағытта әкімдік тарапынан барлық қолдауды көрсетуге дайын екенін айтты.
Жобаны Байзақ ауданы аумағында іске асыру көзделуде. Ішкі тұтынушылар пайда болғанға дейін өндірілетін сұйытылған табиғи газ негізінен Қытайға экспорттауға бағытталады. Ал отандық нарықта сұраныс артқан кезде, өнім бірінші кезекте Қазақстанның ішкі қажетін өтеуге жұмсалатын болады.
Қытайлық компания мұндай жобаны еліміздің 5 өңірінде жүзеге асыруға ниетті. Соның алғашқысы келер жылы Жамбыл облысында басталады деп күтілуде.