ҚАЖ саласының психологтарына құрмет көрсетілді

25 желтоқсан – психологтар мерекесі. Бұл күн – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін айрықша маңызға ие еңбектің иелеріне көрсетілер құрмет. Психолог – адам жанының тереңінде жатқан үнсіз күйді сезіп, ең күрделі сәттерде тірек бола алатын маман.

Қазақстанда да психологиялық қызметтің рөлі айқындала бастады. Мектептерде, ауруханаларда, әскери бөлімдерде, әлеуметтік мекемелерде психологтар жұмыс істейді. Әсіресе, түзеу мекемелерінде қызмет ететін мамандардың еңбегі аса бағалы. Олар жазасын өтеушілермен етене  жұмыс істеп, көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды міндетті атқарады.

Осыған орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Н.Каипов және тәрбие бөлімінің бастығы, әділет капитны Ж.Әбдіқаппаров психолог қызметкерлерге ізгі тілектерін білдірді.

– ҚАЖ саласында психолог болу – тек кәсіби біліктілікті ғана емес, сонымен қатар зор төзімділік, жоғары жауапкершілік пен адам жанына деген ерекше жанашырлықты талап ететін абыройлы қызмет. Сотталған азаматтардың психологиялық жай-күйін тұрақтандыруға, түзелу жолына түсуіне ықпал етіп, қызметкерлер арасында да моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға үлкен үлес қосып келесіздер. Қиындығы мол салада атқарып жүрген еңбектеріңіз – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетіктердің бірі. Психолог мамандарына зор денсаулық, отбасылық амандық, қызметтеріңізге табыс, кәсіби шеберліктеріңізге толағай жетістіктер тілейміз, Еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз әрдайым арта берсін, – деген мекеме бастығының орынбасары мамандарға құшақ гүлдерін табыстады.

Comments (0)
Add Comment