Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемеде ҚАЖ қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңбұзушылықтарға жол бермеу мәселелеріне арналған жиын өтті. Басқосуға Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Өзіндік қауіпсіздік тобының қызметкерлері – әділет майоры Аят Тұрсынбек пен әділет аға лейтенанты Бағжан Айнақұлов, №25 мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Нұрсұлтан Каипов пен жеке құрам қатысты.
Отырыста мекеме бастығының орынбасары жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан шараларға шолу жасады. Ал Өзіндік қауіпсіздік тобының қызметкерлері жемқорлықпен күресу тек құзырлы органдардың ғана міндеті емес, жалпы қоғамның ортақ ісі екенін ерекше атап өтіп, ҚАЖ қызметкерлері де аталған бағыттағы заңбұзушылықтарға жол бермеуі қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар жеке құрамға тұрғын үй төлемақысын тағайындау шарттары, оны шешудің тәртібі және оған қажетті құжаттар жөнінде толық ақпарат берілді.
Бұдан бөлек, жиында сыбайлас жемқорлық індетінің мемлекет пен қоғамға келтірер залалы жөнінде кеңінен сөз қозғалып, оның алдын алудың маңыздылығы айтылды.
Жалпы, ҚАЖ департаментіне бағынысты №25 мекемеде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жеке құрам қызметкерлері арасында профилактикалық жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. Бұл мақсатпен арнайы жиындар өткізіліп, жүйелі шаралар қабылдануда. Аталмыш індеттен қызметкерлерді сақтандыру бағытында алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.