Қазақстандықтарға өмір бойына зейнетақы төленуі мүмкін

Қазақстан үкіметінде жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын бөлудің жаңа тетігі талқыланып, 5 пайыздық аударымның 4 пайызын азаматтардың жеке шотына тікелей түсіру ұсынылып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұмыс тобы қаражатты жалпылама жинаудан бас тартып, оны атаулы етуге көмектесетін нұсқаны қарастырып жатқанын растады.

Ұсынылып отырған жаңа тетікке сәйкес жұмыс беруші аударатын 5 пайыздық жарнаның 4 пайызы жұмысшының 10 пайыздық жеке жинағына қосымша ретінде тікелей өзінің жеке шотына түсіп, оны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қосымшасынан көруге мүмкіндік тумақ. Ал қалған 1 пайыз қаражат жеке жинағы мерзімінен бұрын таусылып қалған адамдарға өмір бойы зейнетақы төлеуді қамтамасыз ететін жалпы сақтандыру қорына аударылады.

Министрдің сөзінше бұл жүйе азаматтардың шоттарындағы қаражаттың теңсіздігін жоюға көмектеседі және осы мәселе бойынша бірыңғай позиция қалыптастырып нақты шешім шығару үшін 1 маусымға дейін уақыт берілген.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл бастаманы қолдап, өзгерістер адамдардың болашағы үшін әділетті шешім болатынын айтты.

«Үміт күттіретін жаңалық.

Зейнетақы жүйесіндегі ықтимал өзгеріс талқыланып жатыр. Сөз жұмыс берушінің міндетті жарналарын қайта бөлу туралы болып отыр.

Қазір жұмыс беруші біз үшін ай сайын қосымша жарналар төлейді, алайда оларды бөлу механизмі туралы әлі түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Көптеген сарапшылар, сондай-ақ біз де мынадай тәсілді ұсындық: жұмыс берушінің 5% аударымының 4%-ын азаматтардың жеке жинақтарын еселей отырып, тікелей олардың жеке шоттарына бағыттау, ал 1%-ын жалпы пулға аудару. Ол пулдан күтілетін төлем мерзімінен асып өмір сүретін адамдарға өмір бойғы зейнетақы төлемдері қамтамасыз етілетін болады.

Яғни, жұмыс берушілер әрбір нақты қызметкер үшін аударатын қаражат иесіздендірілмей, керісінше сол адамның өзіне бекітіліп қалуы тиіс.

Және бұл шынымен де алға жасалған қадам.

Біз бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, осыған ұқсас қисынды ұсынғанбыз: қаражатты шашыратпай, оларды неғұрлым атаулы әрі әділетті ету.

Мұның мәні қарапайым. Адам өз ақшасын көріп, олардың өз болашағы үшін қалай жұмыс істейтінін түсінуі керек.

Бұл ретте теңгерім маңызды: қаражаттың бір бөлігі – жеке жауапкершілік пен жинақтар болса, екінші бөлігі – ынтымақтастық және жинақтар жетпей қалуы мүмкін болған кездегі тәуекелдерден қорғау.

Дәл осындай модель жүйенің тұрақтылығын және адамдар үшін әділеттілікті қамтамасыз етеді. Әзірге түпкілікті шешім жоқ, талқылаулар жүріп жатыр, бірақ жұмыскерлердің пайдасына шешілетін осындай нұсқа қабылданады деп үміттенеміз», – деді мәжілісмен.

Фото: Ашық дереккөз

Politico.kz

Comments (0)
Add Comment