Қазақстандық абоненттердің деректерін шетел асырған азамат сотталды: 13 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Қостанай қаласының №2 сотында телекоммуникация желілері арқылы берілетін ақпаратты, ақпараттық жүйелер мен телекоммуникация желілерін заңсыз өзгерту және пайдалану мақсатында қолданыстағы бағдарламалық өнімге қасақана өзгерістер енгізді деп айыпталған С есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2022 жылғы шілде айынан 2023 жылғы тамыз айына дейінгі кезеңде С анықталмаған адамдармен бірлесіп әрекет ете отырып, «MVTS» аппараттық-бағдарламалық кешенінің баптауларын заңсыз өзгерткен. Соның нәтижесінде халықаралық трафик ұлттық трафик ретінде өткізілген.
Құқыққа қайшы әрекеттердің салдарынан шетелдік IP-адрестер арқылы қазақстандық абоненттерге қатысты қызметтік ақпарат ел аумағынан тысқары жерге берілген. Бұл мемлекеттiң ақпараттық қауiпсiздiгiне қатер төндіріп, «Қазақтелеком» АҚ, «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС байланыс операторларына зиян келтірген.
Сот сотталушының жеке басын, жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, келтірілген залалды өтеу шараларын қабылдамағанын ескере отырып, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру және оны түзеу мақсатында С.-ға бағдарламалау немесе компьютерлік бағдарламаларды техникалық сүйемелдеу қызметімен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының негізінде тағайындалған негізгі жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылып, түпкілікті өтеуге 5 жыл 7 ай 6 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылды.