Қазақстан су шаруашылығы саласындағы ұлттық саясатты үнемі жетілдіріп келеді — министр

Өзбекстан Үкіметінің бастамасымен ұйымдастырылған Tashkent Water Week халықаралық форумына қатыстым. Форум аясында шетелдік әріптестермен трансшекаралық су алмасу және мемлекетаралық үйлестіру мәселелерін талқыладық.
Қазақстан барлық тараптың мүддесін ескере отырып, су пайдалану режимдерінің тұрақтылығы мен үйлесімділігін қамтамасыз етуді дәйекті түрде қолдап келеді.
Осы мақсатта біз су саласындағы ұлттық саясатымызды кезең-кезеңімен жетілдіріп келеміз. Мәселен, су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдері бекітілген жаңа Су кодексі қабылданды.
Суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруды біз экономика салаларында да, тұрмыстық деңгейде де басым міндет ретінде қарастырамыз. Ауыл шаруашылығында негізгі басымдық су үнемдейтін заманауи суару технологияларына көшуге берілген. Ал өнеркәсіпте суды қайталама және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар азаматтар арасында су пайдалану мәдениетін арттыруға бағытталған шаралар да қолға алынып жатыр. «Суды үнемде – болашақты сақта!» бастамасы аясында жүйелі ақпараттық-ағартушылық жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл ретте жастарды тартуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қазақстан су шаруашылығын цифрландыруды трансшекаралық су ресурстарын тұрақты басқарудың және өңірді қазіргі климаттық әрі суға қатысты сын-қатерлерге бейімдеудің негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырады.
Өзбекстандық әріптестермен бірлесіп, Сырдария өзені бассейнінде суды есепке алу мен бөлуді кезең-кезеңімен автоматтандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында әр елден 5 учаскеден, барлығы 10 негізгі учаске іріктелді. Бұл жерлерде заманауи автоматтандырылған есепке алу және мониторинг жүйелерін енгізу жоспарланып отыр.
Бұл жұмыс 2025 жылдың соңында қабылданған Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісім шеңберінде жүргізіліп жатыр.
Еліміз су саласындағы ынтымақтастықты тек халықаралық су құқығы аясында дамыту ұстанымын дәйекті түрде қолдайды.
Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру, Орталық Азия елдерінің су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын әзірлеу және Шанхай ынтымақтастық ұйымының су проблемаларын зерттейтін мамандандырылған орталығын құру жөніндегі бастамаларының маңызы ерекше.
Мен әріптестерді осы бастамаларды қолдауға шақырдым. Себебі олардың жүзеге асырылуы тек Орталық Азия үшін ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық үшін де маңызды. Сонымен қатар бұл бастамаларды ілгерілету кең ауқымды талқылау, ашық пікір алмасу және барлық тараптың мүддесін ескеру негізінде ғана мүмкін.
Сөз соңында Tashkent Water Week форумының делегаттарын Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырдым. Саммит аясында су саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылауға арналған бірқатар тақырыптық сессиялар мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде Мемлекет басшысының Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы да бар.
Comments (0)
Add Comment