КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Мойынқұм ауданының орталығы – Мойынқұм ауылында жергілікті кәсіпкерлер заңсыз тұрғызған шағын дүкендер мен бутиктерге қатысты арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауылдың құрылыс реті мен жалпы келбетін сақтау мақсатында ұйымдастырылған бұл жұмыс барысында жауапты сала мамандары нысандарды аралап, кәсіпкерлерге заң талаптарын нақты түсіндірді.
Аталмыш жұмысты ауданның тиісті бөлімдері бірлесіп атқарды. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Айбек Болатұлы Бабахан, жер қатынастары бөлімінің бас маманы Серікболсын Нұрлыханұлы және Мойынқұм ауылдық округі әкімінің орынбасары Мұсахан Шәміл кәсіпкерлермен жеке-жеке кездесіп, әрбір нысанның жағдайын қарап шықты. Олар сәулеттік талаптар, нысанның орналасу тәртібі, жерді мақсатты пайдалану ережелері, құжаттандыру тәртібі секілді маңызды нормаларды түсіндіріп, заңсыз салынған нысандарды реттеу жолдарын да нақтылап берді.
Түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – ауылдың сәулеттік келбетін сақтау, құрылыс салудағы реттілікті қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру. Сонымен қатар, жер телімін рұқсатсыз пайдалану, нысанды заңсыз тұрғызу немесе құжатсыз жұмыс істеудің болашақта қандай әкімшілік салдарға әкелетіні де түсіндірілді.
Жергілікті атқарушы органдар бұл жұмыстың алда да жалғасатынын, әрбір кәсіпкердің заң аясында жұмыс істеуі – ауылдың дамуына, тәртіп пен тазалықтың сақталуына үлес қосатынын атап өтті. Аудан басшылығы заң талаптарын түсіндіру арқылы бизнес өкілдерімен ашық диалог құрып, мәселені бірлесіп шешуді көздейді.
Айдос ҚОСЫБАЙ,
«Мойынқұм таңы»
Comments (0)
Add Comment