«Қарызсыз қоғам»: Қарыздан қажыған жалғызбасты аналарға үміт сыйлайтын жоба

Еліміздегі жалғызбасты аналар – қоғамдағы ең еңбекқор әрі ең осал топтардың бірі. Олар күн сайын балаларының қамы үшін тынымсыз күресіп, аянбай еңбек етеді. Үкімет пен әлеуметтік институттар тарапынан қолдауы көрсетілгенімен, олардың мойнында тек материалдық емес, психологиялық та ауыртпалық бар.

Осы тұрғыда «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғызбасты аналар үшін жаңа үміттің нышанына айналды. Жоба тек қарыз мәселесін шешумен шектелмей, қаржылық сауаттылықты арттырып, азаматтардың заңдық құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі экожүйе қалыптастырды. Оның көмегімен мыңдаған әйел банкроттық рәсімінен өтіп, аресттен құтылып, төлем кестесін қайта қарап, өз өмірін қайта құруға мүмкіндік алды.

Осындай жандардың бірі – үш баласы бар Айгүл. Күйеуімен ажырасып кеткен Айгүл үш баласын жалғыз асырап келеді. Оның үлкен баласына ми ісігі деген ауыр диагноз қойылған. Баланы емдету үшін дәрі-дәрмек пен жол ақысының өзі бір айлық табыстан асып түседі.

Айгүл амалсыздан микронесиелер ала бастаған. Алғашында бәрін уақтылы төлеп отырды, бірақ денсаулығы сыр беріп, табыс азайған сайын төлемді дер кезінде төлей алмаған. Күндердің күнінде телефонға қоңырау тоқтамады – банктер мен коллекторлар қарызды еске салып, қатаң талап қойды.

«Түнде қоңырау соқса да, жүрегім дүрсілдеп кететін. Балаларым естімесін деп сыртқа шығып сөйлесетінмін», – дейді ол сол күндерді еске алып.

Бір күні Айгүл әлеуметтік желіден «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы мәліметті көріп, кеңес алуға жазылады. Сол сәттен бастап оның өмірі баяу болса да өзгере бастаған. Жоба заңгерлері оның жағдайын мұқият зерттеп, құқықтық сүйемелдеу жоспарын жасады. Нәтижесінде:

Айгүлдің атына қойылған екі орындау ісі тоқтатылды;
«Kaspi Bank» алдындағы 335 116 теңге көлеміндегі берешек бойынша жаңа төлем кестесі бекітілді, әр ол ай сайын тек 10 000 теңге төлейтін болды;
«А Кредит» МҚҰ алдындағы 130 000 теңге қарыз бойынша ай сайынғы төлем 16 000 теңгеге бекітіліп, 47 520 теңге өсімпұл толық кешірілді.
Осылайша Айгүл өмірін қайта реттеуге мүмкіндік алды.

«Бұрын мен тек қарыз туралы ойлайтынмын, қазір балалардың болашағы басты назарда», – дейді ол.

Бүгінде «Қарызсыз қоғам» жобасы құқықтық тетік қана емес, әлеуметтік терапияның бір түріне айналды. Заңгерлер мен кеңесшілер тек құжат жинап, өтініш жазумен шектелмейді. Олар әр адамның жағдайына жеке қарайды, психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетеді.

Айгүл сияқты аналар үшін бұл жоба – тек қаржылық көмек емес, құрмет пен сенімнің қайта оралуы. Ол енді ай сайын төлейтін 10-16 мың теңгесін ауыртпалық емес, жауапкершілік ретінде қабылдайды.

«Мен енді балаларыма «Біз де бәрін реттей аламыз» деп айта аламын. Бұл сөзді бұрын айта алмайтынмын», – дейді ол.

Айгүлдің бұл оқиғасы – мыңдаған әйел тағдырының бір үзігі ғана. Десе де дәл осындай жеке мысалдар  «Қарызсыз қоғамның» шынайы маңызын көрсетеді. Бұл жоба – статистика мен заңнан гөрі, адам тағдырының жобасы.

Жалғызбасты аналардың қарыз қақпанынан шығуы – тек олардың жеңісі емес, қоғамның ізгіленуінің белгісі. Әр ана еркін тыныстай алатын қоғам – мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығының өлшемі. Сондықтан «Қарызсыз қоғам» – тек қаржылық сауат жобасы емес, адамның қадірін қалпына келтіретін әлеуметтік институт. Айгүл сияқты аналар үшін бұл – қарызсыз ертеңге бастайтын жаңа жол.

https://turkystan.kz/article/269561-qaryzsyz-qogam-qaryzdan-qazygan-zalgyzbasty-analarga-umit-syilaityn-zoba

Comments (0)
Add Comment