Иесіне оралған ителгі

(болған оқиға ізімен)
Басымнан өткен, таңғажайып осы оқиға қаншама жылдар өтсе де есімнен бір сәт шыққан емес. Менің кіндік қаным тамған жері, Абай елінің Архат ауылы, бөліскелі отырған таңғажайып оқиғада өз бастауын сол туған ауылымнан алады. Ауылыма қысқаша тоқтала кетсем, ұлы Абай атамыздың ізі қалған, аң-құсы көп, «Үш келіншек», «Күйметас», «Жалтыртас», «Тесіктас» аталған құз-жартастары ғасыр сырларын бүккен аңызға толы таулы мекен.
Ақын Бауыржан Жақыптың:
«Жартаста жаңғырығып қалған үнім,
Сәлем саған, Арқатым, арда ауылым.
Бұлағың қос жағадан күй тербетіп,
Тауыңның әлдилеген ән бауырын», — дейтін өлең шумағына арқау болған киелі өлке. Сол таулы өлкеде кіндік қаным тамып, бесігім тербетіліп, балдәурен балалық шағымды өткердім.
Жетінші сыныпта оқып жүрген кезіміз-ау деймін. Бір партада отыратын, оның үстіне тұратын үйімізде таяқ тастам жердегі Самат досым сабақ үстінде таудан ителгінің ұясын көргенін, және дүрбі салып ұядан төрт балапан көргенін айтып асырайық деді. Ести сала дегбірім кетіп сабақтың соңына дейін уақытым әрең өтті десем болады. Балалық қызығушылықпен бірден келісіп, сабақ біткенше тағат таппадым десем болады. Үй шаруасынан қолымыз босай қалса таутекедей орғып тау-тасты жиі аралайтын, әрнәрсеге бір еліктейтін мазасыз шағымыз. Дегенмен, кейде ауыл баласының үлкендер тарапынан тосыннан шығып қалатын шаруасы болады, ол күні реті келіңкіремей, келесі күні Самат, Нүркек үш дос ителгінің ұясы қайдасың деп тауға қарай тартып кеттік. Ұяға көтерілу біраз қиындық тудырғанымен тауда асыр салып өскен балаларға қияға өрмелеу деген не тәйірі, ішіміздегі ептілеу Нүркек жоғарыдан ұяға түсіп, ақүрпектен ептеп қара қанаттана бастаған төрт балапанның үшеуін қапқа салып алып шығып, олжамызға мәз болып ауылға беттедік. Алып келген соң жатпай-тұрмай саятшылық жөніндегі қолымызға түскен түрлі ақпараттарды оқып ізденіп, біртіндеп құсбегілік «сауатымыз» ашыла бастағандай. Ол кезде қазіргідей интернет деген жоқ, кітаптардан тапқан деректеріміз бүркітке қатысты болатын, сол оқығандарымызды көңілге түйіп асырай бастадық. Құсты қолға үйретуді бізге қарағанда көбірек білетін «құсбегіміз» Самат досым. Ойымда сақталып қалғаны, тұздалған ет бермеу, балапанның тұрған жері түтін-ыстан таза болуы, тек жас етпен қоректендіру т.б талаптарын шама-шарқымызша бұлжытпай орындауға тырысып жүрдік. Негізгі меңгергенімізде сол ғана болатын. Бір таң қалдырғаны, үшеуміздің де балапанымыз қара қанаттанып аман өсті, және қалған екеуіне қарағанда менікі анағұрлым ірірек болды. Оған менікі сендердікінен ірі деп мәз болатыным өз алдына. Аяқбауын тағып, шыжымында сайлап қойдым. Өсе бастаған балапанды томағаға үйрету басталды. Томағаны басына жайлы қылып тігу, отыратын тұғырын жасау тағысын-тағы талаптары менің тарапымнан аса ыждаһаттылықпен жасалған дүниелер десем болады. Ондай істерге өте ыңғайлы едім. Атам марқұм жүген-қамшы өретін, ер-тұрман шабатын шебер адам болған, сол кісіден қалған қолдан иленген былғарының пайдасы тиді. Томағаға үйретудің, тұғырына отырғызудың біраз қиындықтары болды, бірақ ерінбей-жалықпай қолға алғандықтан, бірте-бірте көндікті. Тіпті саңғырығында еш жеркенбестен өзім тазалайтынмын. «Шорадағы қасиет — тілдес екен бар құспен» деген мақал бар ғой, әлгі құсыммен оңашада сыр шертісіп сөйлесетінім өз алдына естен кетпес бір ұмытылмас сәттер еді. Ол отырған қораға артық-ауыс ешкімді кіргізбейтінмін, іштей басқаларға бауыр басып кетеді деген қызғанышымда жоқ емес.
Құс екеш құста сылап-сипағанды жек көрмейді, иесіне үйреніп ерекше бауыр басуы пайда болады екен. Мен келіп кіргенде кәдімгідей қанатын қомдап «келдің бе» деп қуанып қарсы алып тыпырлап өзгеше бір беймаза күйге түсетін. Қара көздері қара, әрі тым өткір, қанатын жинап алға ұмсынып отырысы жадымда сақталып қалған керемет көрініс.
Рогатка атуды жақсы меңгергендіктен күніне ең болмағанда саршұнақ ұстап алсамда жас еттен кенде қылған жоқпын. Кейде аяғына ұзын шыжымын тағып далаға алып шығамын, қашуға талпынбады да, басқа балаларға желкесін күдірейтіп жатырқап қарайтын. Тіпті маңайдағы балалардың бір көріп шығу үшін тірі тышқан, торғай ұстаса маған әкеліп тұратындарының қарасы баршылық еді. Артымнан ерген екі інім Роллан мен Нұрлан да бір кісідей қамқорлықтарына алып көмектерін аямады. Күлкілі болса да, бір жолы інілеріммен бірігіп үлкендерге айтпай кәрі әтешті құрбандыққа шалып жібергеніміз бар. Ол кезде асыраған құсымның есейіп тәбеті де артқан болатын. Кейде қарны аша бастаса шаңқылдап үн шығарып есімді шығаратын. Кәрі әтеш пен ителгімнің сайыс алаңы қораның іші еді. Жыртқыштың аты жыртқыш, ұшуға жарап қалған ителгім күш қуаты тайған әтеш байғұсты әп-сәтте ту талақай қылып қомағайлана жүнін бұрқыратып шашып тастады. Ауылдағы үш «құсбегі» күнара бас қосып, хал сұрасып ауызымыздың суы құрып өз жаңалықтарымызбен бөлісеміз. Әркім өз құсымызды жер көкке тигізбей жарыса мақтаймыз. Құстарымызды күзде қандай аңға салатынымызды көз алдымызға елестетіп кесіп пішіп қойғанбыз. Қоян түгілі түлкіден дәмеміз жоқ емес. Сонымен аяңдап қоңыр күзде келді, бұл кезде құстарымыз ұшуға да дағдыланған. Самат досымның құсы көрші Жолдыбай ағаның тауығына түсіп ағамыздың ашасының құрбаны болып кетті. Нүркектің құсы ізім-қайым қашып кетті-ау деймін, анық есімде қалмапты. Ал менікі қашпады. Басында айтқанымдай, оқығандарымыз бойынша қоян тулағын шөпке толтырып көзінің орнынан жас ет шығарып ашығып тұрған ителгіме дәмін татқызып ұзын жіппен бір бала сүйретіп жүгіруді тапсырдық. Бұл бір ерекше, балалық сәби жүректі күпті қылған көптен күткен оқиға еді. Мен түгілі үлкендерді таң қалдырып ителгім әлгі «далабай» қоянға түсті, қолымнан ұшып шыққанда бірден биікке көтерілмейді, қолдан құлағандай жер бауырлап қуалап барып түсуші еді. Жалма жан қоян тулағынан шығып тұрған етті қылғытады. Біз құсымыз тірі қоянды алғандай мәзбіз. Ересектер басын шайқап таңырқағаны тіпті марқайтып жіберді. Сөйтіп аяқ астынан маңайдағы балаларға құсбегі атанып шыға келдім. Балалардың «мақтанышына» айналдым. Бірі қызыға, бірі қызғана қарайтындай. Сол сәттегі кеуде керген мақтаншақтығыма Том Сойердің өзі де астар болмай қалар ма еді. Құсым қоян алуға дайын деген сенім бойыма нық орныққан сәт еді. Бірақ аңға шығу арманым, түсімде көре бастаған қансонарым іске аспай қалды. Бәрін сырттай бақылап жүретін әкем марқұм: «Балам, мына құсты әйтеуір қоймай жүріп өсірдің ғой. Ұшуға жарапты, енді менің тілімді алда еркіндікке жібер. Бұл даланың құсы, обалына қалма… Біраздан соң қораға мал келеді. Қайда асырмақшысың…» деп сұраулы жүзбен қарады. Әкенің көзіне тура қарамақ түгілі, бір ауыз сөзі заң, бұлжытпай орындалатын еді ғой. Балапан кезінен асырап әбден бауыр басқаным еспке алынбады. Көзім жасаурап қимасамда босатуға мәжбүр болдым. Сенесіздер ме, құс екеш құста иесіне жақын бауыр басады, таниды, тек мен шақырсам ғана келетін. Екі күндей айналсоқтап келіп жүрді, үйге тақау биікке қонып ұзақ отырады. Ал мен қолымнан бар келгені жаутаңдап қарай беремін, тек шақыра алмадым. Оң аяғындағы атамның қолымен иленген теріден жасалған бір қарыстай сыңар аяқ бауын шешпеген болатынмын. Әкемнің көңілі жібіп қалар деген балалық үмітім болса керек. Қанша дегенмен түздің құсы ғой, мен сияқты қашанғы жаутаңдай берсін, бір рет шаңқ етіп үн шығарды да төбемнен айналып тауға тартып кетті. Сол кеткеннен мол кетті. «Енді ешқашан қайтып оралмайды..» деген қимастық сезіммен екі жанарыма мөлтеңдеген жас ұялап қала бердім.
Бұл қимастық маған сол сәтте не қалдырды?
Мүмкін сол кезде «қатыгездік» танытқан әкеме ренжіп сондай құсқа айналып артынан қуып кетсем деген балалық қияли қиялды қалдырған болар. Кім білсін. Жылаудан қызарған көзімді ешкімге көрсеткім келмей қас қарайғанша үйге кірмей жүргенім содан болар. Анам аңғарды ғой, тек үндемеді, төсегіме барып тамақ ішпей теріс қарап жатып қалдым. Ақ үрпек кезінен асырап қатты бауыр басқан құсыңнан айырылу оңай тимеді. Жатып алып қиялға берілгенім санамда жатталып қалды: — Бірте-бірте нүктедей ноқатқа айналып алыстаған құсымның көзімен алып қарасам қалай болар екен деймін?!… — Бәлкім, оған құдыретті иесі болғанымен, бір ауыз арашаға түсуге жарамағаныма балапаным өкпелі кеткен болар…
Бірақ қалай десек те мұның бәрі оңашада оқыған кітабының батыр кейіпкеріне айналғанымен, пікірімен ешкім аса санаса бермейтін, кішкентай бала Ерланның қиялы деп қабылдайықшы. Теріс қарап жылап жатып іштей: «Мен әлі бәріңізге өзімді дәлелдеймін, көресіздер..» деген үлкендерге, тіпті бүкіл әлемге қарсы берген балалық сертімді енді еске алсам езу тартамын. Балалық өкпе аралас қиялдың тереңіне сүңгіп жатып ұйқыға кетсем керек.
Ұмытып барады екенмін, кейінірек балалар: «сенің ителгіңді көрдік, аяғындағы аяқбауы бар екен» — десіп жүрді. Оны естігенде тағатым таусылып аспанда қарап ұшқан құстарға қанша тесіле қарап елеңдеп жүргеніммен қайтып кездестірмедім. Мүмкін достарым менің көңілімді аулағандары болар, кім білсін.
Ителгі асырағанымды не үшін тәптіштеп айтып отырмын, енді соған оралайын. Әңгімемнің ең өзектісі, тылсымы осы оқиғадан бастауын алады.
Балалық шақтың бір жазы мен күзіне ғана жетіп ғұмыры келте болған «құсбегілігімнен» аздап мәлімет беріп болсам, ендігі кезек қалған өмірімнің үлкен жұмбағына айналған негізгі оқиғаға келіп жеткен сияқты. Қолыма қалам алып жазып бөліссем әңгімеге арқау болып отырған тылсым оқиғаның маңыздысы осы екінші бөлігі деуге болады. Содан бері аққан судай тоқтаусыз зымырап талай жылдар өтті. Есейдім, жар сүйіп шаңырақ көтердім, балаларыма әке атандым. Тоқсаныншы жылдардың ортасында жұрттың біразы ауылдан қалаға үдере көшкенде бізде арманның жетегіне ілесіп қалаға қоныс аудардық. Бүгін көз жіберсем, сол балалық құсбегіліктен бері қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Ителгі құсымда қаурыт тіршіліктің көмбесінің бір бұрышында санамда көмескілене бастаған болатын, не нәрсе болсын көзден кеткен соң уақыт өте келе ұмытыла бастайды ғой.
Сонымен, 2005-жылдары ма екен,(анық есімде жоқ), жарым Жанар екеуміз «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп тіршілік қамымен балмұздақ сатып базар жағалап жүрдік. Бірде кешқұрым азық-түлігімізді арқалап базардан кешірек қайтып келе жатқанбыз. Үйге оншақты қадамдай тақап қалғанда кенет ителгімнің бала кезімде құлағыма жатталып қалған шаңқ ете қалған үні естілгендей болды. Денемді тоқ соққандай дір ете қалдым. Анық сол дауыс. Әлгі үнін естіген сәтте бәрі санамда қайтадан жарық етіп шыға келді. Адамдар басымыздан өткенді ұмытпайды екенбіз, тек санамыздың бір қуысында өз сағатының соғуын күтетін сияқты. Бәрі күні кешегідей қайта жаңғырды. Елегізіп: «Жанар, тоқташы, мына құстың дауысы менің ителгімнің үні ғой…» деп маңайыма елегізи қарадым. Әрине, ол болуы мүмкін емес еді, бірақ сондай жақын таныс үн. Қалшиған қалпымда аңырып маңайыма қарап: «Мынау менің ителгімнің үні ғой…»,- деймін қайталадым даусым қобалжып. Неше жыл бірге шаңырақ көтеріп келе жатқан жарымызға кейде балалық шағымыздан сыр шертіп мақтана айтатынымыз бар ғой. Бала кезімде ителгі асырағанымнан азын-аулақ хабары бар. Енді мына қызықты қараңыздар, әлгі өзім даусын ителгіме ұқсатқан құс тура менің үйімнің діңгегінде қонып отырғаны тіпті адам таң қаларлық көрініс еді. Мені танып дауыстаған ба? Әрине, бұл менің жеке ойым. Қолымдағы көтеріп келе жатқан пакеттерімді тастай беріппін. Бәрін ұмытып: «Бопым, бопым» деп алға ұмтыла түсіп жалаңаш қол соза бердім. Ағайын, мен ештеңені ойдан шығарып отырған жоқпын, Алла куә! Әлгі ителгі еш жатырқамай жалпылдап келіп менің білегіме қонды, тырнақтары білегіме батқанына қарамай аяқ бауынан ұстай бердім. Жанымдағы жарым шошып кеткен: «Жібер, жібер, көзіңді шұқып алады..» деп тақауға қорқып анадай жерде тұр. Маңайда жүрген қазақ-орысы бар, жасөспірім балаларда жүгіріп келіп: «Агашка, как вы поймали? Вам не страшно?», десіп оларда жақындауға жүрексініп тұр. Бірден аяқ бауынан шап бердім. Ителгі болса мені басқалардан қызғанғандай желкесін күдірейтіп маңайдағыларға айбат шегуде. Жалт-жұлт еткен көзін айтсаңызшы. Бала кезімде тура маңайымдағы балаларға сес көрсетуші еді ғой. Дәл сол мінез. Бойымда қорқыныш дейтін сезімі мүлде болған жоқ. Ұзақ жылдар із-түзсіз жоғалып кеткен жақыныммен қайта табысқан жандай жүрегім өрекпіп аузыма тығылатындай. Басым айналып адам айтқысыз ерекше бір күйге түстім. Екі көзім ителгіде бір сәт есімнен айырылғандай есеңгіреп тұрып қалдым. Өзіме-өзім күбірлеп «мүмкін емес» деймін. Бірден аяқ бауынан ұстадым деп айттым ғой. Мені есегіреткен жағдай мына ителгі құстың түр келбетін былай қойғанда, оң аяғында тура менің ителгімдей аяқбауымен келгені ғой. Тура сол құсым келіп ширек ғасырдан соң оралып қолыма қайта қонған, адам айтса сенгісіз жағдай еді. Жарайды, олай болмайды деп дау айтарсыздар, тіпті қырық өтірік деп мәжуа қыларсыздар, түсінемін. Менде өз көзіммен көрмесем сенбес едім. Иә, басқа ителгі делік, біреуден босап адасып кетті делік, бірақ бүкіл қаладан тура менің үйіме келуі қалай? Сонда бұл қандай сәйкестік?! Құдайдың құдіретінде шек жоқ! Оның үстіне еш жатырқамай бір шақырғаннан қолыма келіп қонғаны, бала кезімді қолыма қайта қондырған ғажайып бір сәт болатын. Осындайда бір тылсым құдыреттің бар екеніне бас иіп мойындамасқа еш шараңыз қалмайды екен. Тіпті лотореядан миллиондаған қомақты қаражат ұтып алған адам мұндайдай күйге түспес деймін.
Ителгіні үйімде екі күн ұстадым. Дәлірек айтсам қорамда тұрды, ертеңіне ерте тұрып базарға барып ет сатумен айналысатын Роллан ініме барып қойдың шикі өкпе-бауырын, жас ет алып келдім. Оған да болған жайды жыр қылып айтып: — «Сенбесең келіп көрші», — дедім. Келмеді, соңырақ: — «Қап мүлде есімнен шығып кетіпті. Неге жібере салдың?!», — деп бір жағы жазғырып, бір жағы өкінген болатын. Ителгіге телміре қарап, тілдесіп, бала кезімдегідей қорадан шықпай жанында көп отырдым. Ширек ғасыр өткізіп қалай тауып келдің деп сипалаймын. Аяқбауына қараймын, мүмкін емес, қалай шіріп түсіп қалмаған деп оған және таңданамын. Түн ортасында далаға шықсам бір магнит тартып тұрғандай қораға қайта-қайта барғыштай бердім. Тағы бір таң қалдырғаны, қора ішіне балаларым қызықтап бас сұқса жатырқап желке жүні күдірейтіп айбат шегетіні. Тек мені ғана жақын тартып, еш тосын мінез танытпады. Басын біресе олай, біресе бұлай аударып менің әр қимылымнан көзін алмайды. Осылайша, Алла тағаланың шексіз құдіретімен балалық шағыммен қайта қауышып тілдестім десем болатын шығар. Әкемді еске алып: «Аруағыңнан айналайын әкетайым, жаның жәннатта болсын, көзің тірі болғанда мына оқиғаға менен бетер таңданбас едің-ау..» деп ол кісімен де ойша тілдесіп, бір жағы құсымды сипалап құшақтап бауырыма баса беремін. Содан ителгімді жемдеп есігін мұқият жауып, балаларға ашпаңдар деп ескертіп жұмысқа кеттім. Бара сала әріптес жігіттерге болған жайды, таңданысымды жасыра алмай жыр қылып айтып өттім. Ақын Серік Сапышев ағамыз, қазірде бірге қызметтес Қайрат бауырым болғаны есімде, тағы біраз жігіттерге жыр қылып айтып таңырқаттым. Сол-ақ екен, түстен кейін бейтаныс екі жігіт келіп тұр: «Бауырым, сен ителгі құс ұстап алды деп естідік. Бағасына келісіп сатып алайық..» дейді ғой. Сол кездері арабтар ма, Қазақстаннан қымбат бағаға қолға үйретілген қыран құстар сатып алады деген қауесет әңгіменің тараған кезі болатын. Әрине, бір жағына тартсаң екінші жағына жетпей ақшадан тарығып жұмыстан тыс уақытта базар жағалап жүрген кезім. Көктен өзі ұшып келгендей болған «қомақты қаражат» артық болмас еді. Бір тылсым күш бойымды билегендей, ішімнен ителгіні сатпаймын деген шұғыл шешімге бірден келдім. Сөздің шыны керек, балалығымның қимас сәтін алып келген құсты жат біреулердің қолына ұстатып сатып жіберу, баға жетпес балалық шағымды саудалағанмен бірдей екенін жан түйсігіммен ұққандай болдым. Сол бір қас-қағым сәт — адамгершілік, сенім деген қасиетті ұғымдар еш баға жетпес құндылықтар екенін ұқтырған еді. Маған сеніп ием деп қолыма қонды ғой. Қанша ақшадан қысылғаныммен дәтім бармады. Ұятта болса: «Ұстап алғаным рас, бірақ, қашырып алдым…» деп бетім бүлк етпей жалған айтуыма тура келді. Қазір ойласам, адамдық қасиетіңді сақтап қалу үшін ешкімге зияны жоқ өтіріктің де пайдасы тиеді екен-ау деп өзімді ақтап алуға тырысамын. Жұмыстан келе сала ителгіні қорадан алып шығары бірден қоя бердім. Бірақ мен жіберді екен деп лып етіп кете қою ителгінің жоспарында мүлде жоқ сияқты. Ұшқан беті есігі ашық тұрған моншаға барып кірді. Сонымен моншаны саңғырығымен былғамасын деп қайтадан қораға апарып қайта қондырып түнде өзі ұшып кетер деп есікті ашық қалдырдым. Түнімен бірнеше рет оянып қораға баруым қайталанды. Таңертең барсам дүр сілкініп қанатын қомдап қойып әлі отыр. Кету ойында жоқ. Мәпелей сипалап тамағын тойдырып, қораның есігін ашық қалдырып жұмысыма кеттім. Аяқбауын шешіп алып қалуға бір сәт оқталсамда дәтім бармады. Бесін ауа ертерек шығып алып-ұшып келгенде ителгі саңғытқан ақтаңдақ мөрлерін ғана қалдырып ұшып кетіпті. Бауыр басып қалсам керек, аздап көңілім қоңылтақсып қалғандай болды. Елегізіп маңайыма қарайладым, байқалмады. Өзімді: «Босатқаным дұрыс болды. Қалада оны бәрібір асырай алмайтын едім ғой..» деп жұбаттым.
Алғаш ауылда балапан құсты ұясынан алған кезде әрнәрсеге қызығушылығы басым бала болдым ғой. Сол еліктегіш балалық қиялым құсбегі болсам деген арманға жетеледі. Асқар таудай әкем мәпелеп өсірген құсыма бір ауыз сөзімен еркімнен тыс бостандық бергізгенін айтып өттім. Енді өзім әке атанғанда сол құсқа саналы түрде азаттық беруді жөн деп санағаным болармын. Маған сынақ болған шығар. Міне, адам айтса нанғысыз осындай жағдай менің басымнан өтті. Араға ширек ғасыр уақыт салып таң қалдырды. Екі күн бойы балалық шағымды алып келген құсыммен қайта тілдесіп шерімді тарқаттым. Иә, сіздер оқып отырып мүмкін емес дейтін шығарсыздар, дәлелдеп дауласпаймын. Тіпті ителгінің қанша жыл өмір сүретінінде білмейді екенмін. Дегенмен жатырқамай бірден қолыма қонуы, оң аяғындағы аяқбауы, менен басқа жандарды жатырқап сес көрсетуіне қарап өзімнің ителгім деп қабылдадым. Тек бір түсініксіз жағдай араға ұзақ жылдар салып қаладағы үйіме келіп қонуы қалай? Менің бала тағдырымда орын алған оқиғаның есейгенімде қайталануы қалай? Бұл сонда қандай құпия, нені меңзеді, қанша ойласамда миым жетер емес. Содан бері біраз жылдар өтседе аспанда қыран құс көрсем «сол емес пе екен..» деп қарайлайтын әдеттен арыла алмай келемін. Мені сол тылсым оқиға көкке қайтадан табындырып қойғандай беймәлім күй кешемін.
Оған азаттық бергенім менің адамдық атыма сынақ болған шығар, кім білсін, тек бір Аллаға аян!
Кейбір жандар қалтаңда ақшаң болса бәрін сатып алуға болады деп ойлайды. Бес саусақ бірдей емес, ондай таяз ойлайтын пенделерде бар арамызда. Дүниенің бар байлығын берсе де өткен шағынығ осындай киелі қас-қағым сәтін екі күн емес, екі минутқа сатып ала алмасына толық сенімдімін.
Біреулер үшін бұл оқиға қызықсыз болар, бірақ мен үшін — өміріме өзек болып таңғажайыптың бар екеніне көз жеткізген оқиға.
Табылды Досым айтқандай, қазақ биіктігін көгінде қалықтаған қыранының қанатымен өлшеген елміз. Басымнан өткен осы бір қыран құсқа қатысты тылсым жайды оқырман қауыммен бөлісуді жөн көрдім. Ойдан ештеңе қоспадым, алдыңғы жазғанымда жылынан ептеп қателескен сияқтымын, мөлшері сол ширек ғасырдың төңірегі болса керек.
Ең бастысы, бұл оқиға ешқандай ойдан шығарылмаған, еш бүкпесіз шындық бар.
Басымнан кешкен осы бір тылсым жағдай, ілуде бір пенденің басына бұйыратындықтан, адам өмірінің ерекше сәті деп бағалаймын. Табиғат ананың менің несібеме жазған сирек құбылысының бірі деп қабылдадым. Қимастық сезімді құсым қолымда болғанда емес, ұшып кеткен соң барып жан дүниеммен түсіндім. Біз пенделер қолда бар зат түгілі, жанымыздағы жақсы жандардың да қадіріне аса жете бермейміз бермейміз ғой. Адамзат баласы мен жыртқыш құстың арасын жалғап тұрған көзге көрінбес осынау тылсым күшке куәгер болғандықтан басымды идім.
Қалай болғанда да мен сол ителгіге өз еркіммен азаттық бергеніме аса өкінгенде емеспін, тек қимастықпен еске алғаным болмаса. Қазіргідей еңбектеген балаға дейін ұстап жүрген ұялы телефон жоқ кез. Мүмкін менде болмады. Тым құрмаса фотограф шақыртсамда бірер естелік сурет түсіріп алып қалмағаныма өзімді жазғырамын, мүлде ойымда келмепті. Қаншалықты маңызды екенін жете бағалай алмаған болармын. Бар өкінішім сол ғана.
Кемшілігі бар пендеміз ғой, кейде кеудемді «бұл тек менің басымда қайталанды» деген мақтаныш кернейтіндей. Менікі бәлкім өзімшілдік болар, әйтпесе, сіздердің бастарыңызда небір тосын оқиғалар өткен шығар, аса мән бермеген боларсыздар. Расында, жер бетіндегі тіршілік иелерінің ішінде саналысы адамзат баласына сенім артқан дала құсының алдында сол адамгершілікті сақтап қалудың өзі бір ғанибет екен-ау.
Ақиық ақын Қадыр Мырза-Әлінің: «Адам боп туу – анадан, айуан боп кету- өзіңнен» деген керемет сөзі ойыма оралады. Сондай кезде түрлі ойларға беріліп адамзат баласының өмір емтиханын жоғары бағамен қорғап шыққандай әсерде боламын. Егер тиын-тебенге қызығып сатып жібергенде айуаннан айырмам болмас еді ме, ондай теріс пиғылдан Құдай сақтады ма деймін.
Тақауда жездем Мұратпен ауыл жаққа барып, қос төмпешікке айналып қатар жатқан атам мен әкем марқұмның зиратына барып құран бағыштап қайттық. Жыл сайынғы әдетімізге айналған. Тарихтың небір тылсым оқиғасының куәгеріндей мүлгіген тауға қарап тұрып бір сәт көңілім құлазып көзіме шық тұрды. Жартасында жаңғырған үнім қалған, бұлағы қос жағасынан күй тербеткен туған жерім ғой. Әрине, еркімнен тыс бұлқынған «осалдығымды» жездеме сездірмедім, аңқыған аршасынан үзіп алып құшырлана иіскеп бетімді көлегейлей бердім. Қол созымда мұнартқан таудың жақпарынан құлдырап ителгім алдымнан ұшып шығып білегіме қонардай ұмсына қарадым. Бала кезімде ителгімді босатып соңынан осылай тау жаққа үмітпен үздіге қарайтыным көз алдыма келді. Ширек ғасыр салып қалада қайта қауышуға себепкер болып таң қалдырған ителгі үні мүлгіген ауыл аспанынан естілер ме екен деп маңайыма құлақ түретіндеймін. Енді тағы бір қайтып оралар ма екен деген пенделік үміт қой.
Кім біледі, Алланың құдіреті шексіз ғой, оның үстіне ителгі ширек ғасыр салып екінші рет қалада қолыма қонғанда «енді ешқашан оралмайды» деп айтпауға серт берген едім. Үміт оты өшпесін.
Ерлан Шаяхметұлы, Семей қаласы.
03.03.2025ж
Comments (0)
Add Comment