Футболдан облыстық турнир өтті

Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай 10 қараша күні «Тараз-Арена» спорт кешенінде «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» ұранымен облыстық ашық футбол турнирі ұйымдастырылды.
Мақсаты – жастар арасында АИТВ-инфекциясы, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, қоғамның ақпараттану деңгейін көтеру, денсаулыққа жауапты көзқарасты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, турнир жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға бағытталды.
Турнир барысында Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының мамандары қатысушылар мен ниет білдірген студенттерге АИТВ инфекциясына жедел тестілеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге, мамандар жастарға АИТВ-ның алдын алу, қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау туралы кеңес беріп, ақпараттық жадынамалар таратты.
Турнир Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастыруымен, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы және «Жастар ресурстық орталығы» КММ қолдауымен өтті.
Сайысқа облыстың әртүрлі колледждерінен келген студенттерден құралған командалар қатысты. Әр команда 10 ойыншыдан тұрып, ойындар халықаралық стандарттарға сәйкес өткізілді. Турнир барысында қатысушылар арасында спорттық рух пен өзара ынтымақтастық қалыптасты.
Жүлделі I, II және III орын алған командалар арнайы кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Облыстық турнир жастардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғамда АИТВ инфекциясын алдын алу мәдениетін қалыптастыруға және жауапкершілікті өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қосты.
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы 
Comments (0)
Add Comment