2025 жылдың 13 қарашасы – заң факультетінің тарихында ерекше аталар күндердің бірі болды. Бұл күні факультет қабырғасында елдік пен ерлікті ұлықтауға арналған «Ерлік – Елге мұра» атты патриоттық кездесуі өтті. Кездесудің басты мақсаты – Ғазиз Байтасов секілді қайсар қаһармандардың ерлігін жастарға үлгі етіп, мемлекетке адал қызмет ету идеясын студенттердің жүрегіне ұялату болатын. Осы жиынның ардақты қонағы – елге сіңірген еңбегімен танылған Қуантаев Сейтхан Мұратұлы болды.
Қуантаев Сейтхан Мұратұлының факультетке арнайы келуі – оқу орны үшін үлкен құрмет әрі студенттер үшін шынайы рухани сабақ болды. Залға кірген сәттен-ақ ардагердің өнегеге толы өмір жолы, салмақты мінезі мен елге деген адал көңілі студенттердің назарын бірден аударды.
Кездесуге факультет деканы Ахатов У.А., декан орынбасарлары, профессор-оқытушылар құрамы және 3–4 курс студенттері қатысты. Әсіресе жоғары курс студенттері үшін бұл жүздесу болашақ заңгердің азаматтық болмысын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Сейтхан Мұратұлының өмір жолы – ел алдындағы адал қызметтің жарқын көрінісі. Ол жас кезінен тәртіп пен жауапкершілікті жоғары қойып, әскери міндетін абыроймен атқарған азамат. 1988 жылдың 10 тамызында Байқоңыр қаласында Борақон ракетасының ұшырылуына тікелей қатысып, ерекше жауапкершілік танытқаны үшін арнайы алғыс хатқа ие болды. Бұл марапат – оның кәсіби шеберлігі мен батылдығының айғағы.
Әскерден кейінгі қызмет жолы да табысқа толы болды. Ол 14 жыл бойы саяси бөлім бастығы қызметін атқарып, жетекшілік қабілетімен, ұйымшылдығымен ерекшеленді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, «Ерекше тәуекелді солдаттар», «Жеңіс қаһарманы» секілді құрметті атақтармен марапатталды. Бұл марапаттар оның елдік мұрат жолындағы еңбегінің бағалануы еді.
Кездесу барысында студенттер ардагердің әңгімесін ерекше ықыласпен тыңдады. Ол кәсіби әскери тәжірибесін, ел қорғаудағы жауапкершілік пен батылдықтың мәнін түсіндіріп, Ғазиз Байтасовтың ерлігі арқылы бүгінгі ұрпаққа «Ел үшін жан аямайтын азамат болу – басты парыз» екенін жеткізді.
Кездесу барысында студенттер ардагердің әңгімесін ұйып тыңдап, түрлі бағыттағы ой-пікірлерін ортаға салды.
4 курс студенті Күнтуған Дариға қазіргі жастардың елжандылық қасиетін қалыптастыру мәселесін көтеріп, отансүйгіштік тәрбиесінің қоғамдағы маңызын атап өтті. Бұл сауалға жауап бере отырып, ардагер елжандылықтың негізі – еңбекте, тарихты тануда және жауапкершілік сезімінде екенін айтты.
2 курс студенті Ордағұлов Бағлан әскери тәжірибенің адам болмысына әсері жайлы пікір білдіріп, армияның тұлға қалыптастырудағы орнына назар аударды. Ардагер бұл тұрғыда әскердің адамды шыңдайтынын, тәртіп пен төзімділікке баулитынын айрықша атап өтті.
2 курс студенті Жанаев Аңсар бейбіт елдің жастарына қойылатын талаптар туралы мәселе қозғады. Сейтхан Мұратұлы бүгінгі ұрпақ үшін ең маңыздысы – сапалы білім, жан-жақты даму, физикалық және рухани дайындық екенін айтып, жастарды мақсатшыл болуға шақырды.
Студенттердің көтерген сұрақтары кездесудің мазмұнын арттырып, еркін пікір алмасуға жол ашты. Әрбір сұраққа ардагер тәжірибесімен ұштасқан салмақты жауап беріп, жастарға бағыт-бағдар көрсетті.
Кездесу соңында Қуантаев Сейтхан Мұратұлы жастарға тағылымды ой қалдырды.
Ол:«Еліңді сүйсең – еңбек ет. Қандай мамандық таңдасаң да, адалдық пен жауапкершілік бірінші орында тұруы керек. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің иесі»,
– деп, болашақ заңгерлерге өмірлік құндылықтарды түсіндірді.
Бұл кездесу заң факультетінің студенттері үшін патриоттық тәрбиенің шынайы өнегесі болды. Қуантаев Сейтхан Мұратұлының факультетке келуі – жастардың жүрегінде елге деген құрмет пен қызмет ету рухын оятқан маңызды оқиға. Осындай тағылымды жүздесулер студенттердің азаматтық көзқарасын қалыптастырып, болашаққа сенімді қадам жасауына негіз қалайды.
Ерлік – елдің мәңгілік мұрасы. Ал осындай тұлғалармен жүздесу – сол мұраны болашаққа жеткізер алтын көпірі.