Ербол Қарашөкеев Шу ауданының 95 жылдық мерейтойына қатысты

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданының 95 жылдығы мен Балуан Шолақтың 160 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада құттықтау сөз сөйледі.

Қос мерейтойды атап өтуге елге танымал азаматтар, ардагерлер, қоғамдық кеңес өкілдері және жергілікті тұрғындар жиналды.

Қонақтар алдымен ақ шаңқан киіз үйлерге кіріп, ұлттық бұйымдар мен көрмелерді тамашалады.

– Шу – жай ғана өлке емес, қазақ тарихының қасиетті қонысы. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының алтын арқауы болып, сан алуан мәдениеттің тоғысқан жеріне айналған бұл өңір – елдік пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың ордасы. Қазақ хандығының алғашқы қадамдары да осы өңірмен сабақтасып жатқанын тарих айғақтайды.

Міне, осындай терең тамыры бар қасиетті мекен бүгінгі күні де тоғыз жолдың торабында орналасып, дамудың жаңа белесіне көтеріліп отыр.

Бүгінгі тойымыздың маңызын арттыра түскен – Балуан Шолақ бабамыздың 160 жылдығы. Ол – тек алып күштің иесі ғана емес, сырлы сазға, нәзік өлеңге, өр мінезге толы ұлы тұлға. Оның әндері қазақ халқының рухын асқақтатты, жырлары елдің еңсесін көтерді.

Бабамыздың өнегелі өмірі – қайсарлық пен адалдықтың, рух биіктігінің мәңгілік үлгісі. Біз осындай дара тұлғаларымызды ұлықтай отырып, ұрпағымыздың бойына ұлттық рух пен патриоттық сезім дарытамыз.

Бұл мерейтой – өткенімізге тағзым, бүгінімізге мақтаныш, болашағымызға сенім. Халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің арқасында Шу ауданының мерейі әрқашан биік болып қала бермек, – деді Ербол Қарашөкеев.

Мерекелік шарада мемлекет және қоғам қайраткері Бөрібай Жексенбин, Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген кәсіпкер, техника ғылымдарының кандидаты Марат Нәбиев және Балуан Шолақтың немересі Шайдулла Шолақов құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін арнады.

Кеш соңында өнерпаздар арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қос мерейтой аясында қазақ күресінен республикалық ашық турнир, жастар арасында «Мәре» көкпар сайысы және бәйгеден облыстық ашық турнир ұйымдастырылуда.

Бұдан бөлек, «Атадан ұл тумайды мендей сабаз» атты ғылыми конференция аясында «Қазақтың Балуан Шолағы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Жамбыл облысының әкімдігі

 

Comments (0)
Add Comment