Фото: Qilu Evening News
ҚытайдағыХанчжоу қаласында тұратын ер адам ұзақ уақыт шкаф ішінде жатқан ескі джинсын киіп, көп ұзамай ауруханаға түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qilu Evening News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, Чжэцзян тұрғыны Чэнь есімді азамат киімдерін реттеп отырып, ескі джинсын тауып, киіп көрмек болған. Сол сәтте ол оң жамбасынан қатты ауырсыну мен бірдеңенің қозғалғанын сезген. Ер адам шалбарын дереу шешіп, ішінен өрмекшіні қағып түсірген. Терісінде ине шаншығандай екі кішкентай із қалғанын байқап, оған мән бермей, жараны жақпамен өңдеген.
Алайда кешке қарай оның дене қызуы көтеріліп, шағылған жерде қызыл дақ пайда болған. Екі күннен кейін бөртпе бүкіл денесіне жайылып, жамбасы ісініп, шағылған жері қарайып, күлбіреп кеткен. Ауруханаға жүгінген ер адамға дәрігерлер тері некрозы мен ағзаның улануы диагнозын қойған. Қазір ол стационарда детоксикация курсынан өтіп жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, кейбір өрмекшілердің уында жасушалар мен қан тамырларын бұзатын ферменттер бөледі. Уақытында көмек көрсетілмесе, олардың шағуы ампутацияға немесе тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан жараны қасуға немесе сығуға болмайды. Оны сабынды сумен жуып, суық басып, дереу дәрігерге қаралу қажет. Әсіресе дене қызуы көтеріліп, құсу немесе тыныс алу қиындаса, бірден медициналық көмекке жүгіну керек. Тіпті улы емес өрмекшілер де сіреспе инфекциясын тасымалдауы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Қытайда балабақшадағы тамақтан кейін ондаған бала ауыр халге түсті. Балалардың тістері қарайып, шаштары түсе бастаған. Ганьсу провинциясындағы Тяньшуй қаласында 70-тен астам баланың ағзасынан қалыпты мөлшерден бірнеше есе жоғары қорғасын табылып, оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.