Қазір жасы бар, жасамысы бар өзге мәдениетке, жат дәстүрге қызығатындар аз емес. Тіпті олардың саны артып та келеді. Ол терең білімнен емес, жаппай еліктеуден екені байқалады.
Ұлттық құндылықтар жөнінде тәп-тәуір бастамалар көтеріліп-ақ еді, тиянақсыздықтан, бақылаудың кемдігінен жарты жолда шашылып қалғандай. Әйтпесе, жаңару тұсында әр сала өз құндылықтарын елеп-екшеп, ұлттық болмысты, қадір-қасиетті айқындап алудан артық қандай елдік маңызды іс бар?
Мұндай босаңсу, құндылықтарды құнттамау түбінде қоғамдық мінез-құлыққа әсер етпей қоймайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы: “Ашығын айтуымыз керек, қазір адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс”, – деп ашына айтты.
Рас, көкбеттенетін тек әйел қауымының өкілдері ғана емес. Ұсақталып кеткен, көкезу, беймінез ер азаматтар да жетіп артылады.
Енді мұны түзеу үшін қандай амал істеліп жатыр?
Әзірге бірді-екілі теле дау-дамайдан, даурықпа талқылаудан, шай мен боза үстіндегі әңгімеден өзге жүйелі жұмыс көрінбейді, естілмейді.
Әлде астыртын әдіспен, құпия түрде немесе өзге жолмен ұйымдастырылып жатыр ма?
Бірақ , бұл айыппұлмен азайтатын, тыйып яки болмаса сылып тастайтын оңай шаруа емес. Қайткенде де сол үрдіс әлі әр жерде жалғасып жатыр, өздігінен реттеле салатын түрі тағы көрінбейді.
Шындығында, мұны көп болып, біртұтас ел деңгейінде қолға алмаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Сондықтан, әлеуметтік маңызы бар мәселені отбасы әдебі мен тәрбиесіне ғана жүктеп қою — сындарлы шешім емес. Бұл Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия құрылымдары, әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар белсене кірісетін шаруа деп санаймыз.
Тағы бір алаңдатар, көңілге алар жайт бар. Соңғы кезде коммуникация құралдарында, әлеуметтік желілерде қайбір бойжеткен, қыз-келіншек жеке өмірін жалпақ жұртқа жариялау жарысына түсіп, алдына жан салмай барады. Жарнамалатып, әйелдерге ажырасу төңірегінде ашық үгіт жүргізе бастады. Еліктеудің көкесін көрсететіні сонша, есін де, етегін де жинай алмай қалып жатады. Оразасын, сауатын әлеуметтік желімен ашатыны сезіліп тұрады. Өмірде көрген-білгені, оқыған-тоқығаны бар шетелдік замандастарынан орнықты мінезді, пайдалы кәсіпті үйренсе, озық мәдениетпен, біліммен қаруланса бір сәрі. Елін-жерін, тарихын, шыққан тегін, салт-дәстүрін мансұқтап, “өзіңді жақсы көр, сонда ғана бақытқа жетесің, байлыққа бата қаласың”, “әр адамның өзінің жеке кеңістігі болуы керек” деген тар түсінікке тұсалып, басы айналып қалатын сияқты.
Заманауи психология тәсілін оқып алып, қоғамда адамдардың қарым-қатынасын өзінше бағалауға тырысады.
Өз ортасынан тек негатив іздейді. Сонда елімізде, дәстүрімізде бұрын-соңды болмаған дүдамал ой, жұқпалы “індет” бізге қайдан келіп жатыр?
Сырттан таңылады ма, әлде іштен қаулап өсіп бастады ма?
Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, айтатыны — “жаңа”адамдардың “абьюзер”, “тиран”, “токсик”, тағысын тағы түрлері. Сырттан келген атауларға сәл-пәл анықтама бере кету артық болмас.
«Токсик» — айналасындағылардың өмірін уландырып, жағымсыз және ыңғайсыз атмосфера тудыратын адам.
Ал, “абьюзер” — отбасыда, өзге қарым-қатынастық байланыста психологиялық, физикалық немесе экономикалық зорлық-зомбылық істейтін қатал зұлым.
“Тиран» дегені — қысым көрсететін, басқаларды билеп-төстейтін немесе азаптайтын қатыгез. Осылай психологиялық зорлық-зомбылықтың түрін түстеп, жілігін жіктеп тастаған.
Соның арқасында “газлайтинг”, “ред флаг” ұғымдары да замандастарымыздың санасына ентелей еніп кетті. Айталық, “газлайтинг” термині пьесадан және оның негізінде түсірілген «Газ жарығы» фильмінен алынған екен. Бұл фильмде опасыз күйеу әйелін есінен танып қалатынына иландыру үшін оған айла-шарғы жасайды және азаптайды. Адамды манипуляциялау әрекеті арқылы оны өз шындығына, естелігіне, ойына айналасында болып жатқан оқиғаларға күмәндануға мәжбүр ету тәсілін қолданады.
Ал “ред флаг” (red flag) ұғымы қарым-қатынаста, серіктес адамының мінез-құлқында, денсаулығында, киім киісінде жеке немесе романтикалық қарым-қатынасында болатын зиянды мінез-құлқын сипаттау үшін қолданылады.
Осының бәрі кейде еліктеу, желігу мен елірудің жемісіндей көрінеді. Әйтпесе, алуан түрлі құлқына, іс-әрекетіне қарай кісіні “есірік, есалаң, есуас, нақұрыс, есерсоқ, дөңайбат, жарымес, келесау, әумесер, әулекі, милау, жындыкеш, әңкі” деп мінездеме бере алатын қазақтан өткір адам сыншысы жоқ-ау, сірә.
Айналып келгенде, бөтеннің аузындағы сөзді қағып алып, қолданысқа күштеп ендіру әрекеті аңғарылады. Өзге қоғамдық тәртіптің, дамудың, мәдениеттің өлшемдерін жалпыадамзаттық әлеуметтік паразитизм белгілері ретінде қабылдай беруге болмас. Оны іліп әкеткен жастарға да ешқандай кінә арта алмаймыз. Ықтимал қауіптердің алдын алу үшін өз құндылықтарымызға, тыйымдарымызға табан тірегеніміз жөн.
Ата дәстүрімізде, дінімізде қыз баласын қорлауға, оған жәбір көрсетуге, азаматтың қадір-қасиетін кемітіп, ерді ез етуге жол берілмеген. Осыған байланысты:
“Ері әйелін сыйласа — ердің бақыт тапқаны,
Ерін елі сыйласа — әйелдің бақыт тапқаны”-
деген нақыл да бекер айтылмаса керек. “Қызыңды Алладан қорқатынына бер: жақсы көрсе — қадірлейді, жақсы көрмесе — қорламайды” деген екен бұрынғы даналар.
Бас екеу болу, ерлі-зайыпты өмір дегеніміз — байсалды, байыпты жол. Махаббатты, сенім мен төзімді арқау ететін көштің басы, ұстанымы осы болуға тиіс.
Салт-санамызда отбасыны бекем етудің мыңнан астам амалы, жүздеген шешімі бар. Соның көбі — теңін тапқан жұптың қиыншылықты қалай жеңгендігі туралы, сын-қатерден қайыспай өткендігі жөнінде, бала-шағаны дүниеге әкеліп, өнеге көрсету жайында, қайырымды, мейірімді, сауапты істері, бейбіт күндегі ерліктер турасында. Қазір де жасандылықтан ада, өмірдегідей шынайы, иланымды, заманға сай мазмұнда, жігерлендіруге түрткі болатын (мотивация беретін) туындылар әзірлеп, оларды түрлі жанрда, сан қилы форматта (хронометражын мейлінше шектеп) әлеуметтік желіге дейін таратсақ, нұр үстіне нұр болмақ.
Бұл — ерлі-зайыптылар арасындағы қатынасты іштарлықтан, қызғаныштан, арандатушылықтан, табалаушылықтан, кекшілдіктен сақтандырар еді.
Екінші байлам — бірінші болып кешірім сұрауды дағдыландыру. Сәби шақтан, мектептен, студент күнінен. Бұл адамның әлсіздігін білдірмейді. Кешірімді кісі ғана ірі тұлғаға айналады. Жүрегі кең, өресі биік, мейірімді адамдардың шаңырағы ешқашан шайқалмайды.
Жалпы, дінімізде де үйлену, отбасын құру және халық санын көбейту турасында жақсы айтылатынын білеміз. Олай болса, өзгенің қаңсығын таңсық етпей-ақ, тәуелсіз еліміздің іргетасын бекемдейтін бірегей
құндылықтарды мың жылдық дәстүрімізден табайық. Әлем игілігін жөнімен, жүйесімен игерейік.
Ұл-қызымызды, некелі жас отбасыларды, тағдырдан ащы сабақ алған азаматтарды жақсы жолға салудың үлгісі елдік салт-дәстүрімізде, рухани мұрамызда тұнып тұр. Біз мұны қаншалықты меңгердік, қалай өмірде пайдаланып жүрміз — қазіргі санадағы, отбасыдағы ала-құлалық, елдіктен безу мен тұнықты лайлау соның көрсеткіші. Бұған қол сілтеу немесе «өзі реттеледі» деп бейтарап қарау қоғамдық жауапкершілікті, азаматтық парызды құнсыздандырады.
Дархан МЫҢБАЙ