Асанәлі Әшімов: Асқарәлі екеуміз мектепке бір шалбар мен бір тонды кезектесіп киеміз. Олардың өзі ескі. Мен түске дейін оқыдым. Сабақ біте салысымен ештеңеге қарамастан, екі өкпемді қолыма ұстап үйге қарай жүгіретінмін. Артық ойын деген жоқ. Өйткені киім ауыстырып үлгеруіміз керек, Асқарәлі сабақтан кешікпеуі қажет. Үстімізде шалбар мен тон болғанымен, сабаққа жалаң аяқ баратынбыз. Біз ғана емес, ол уақытта ауылдағы көп баланың аяқ киімі жоқ болатын. Бәтеңкені қыста ғана киеміз, көктем, жаз, күз бойы жалаң аяқпыз. Аяғың қап-қара күс, жарылып кеткені соншалық—табаныңнан тікен де өтпейді. Нақты есімде жоқ, алтыншы немесе жетінші сыныпта оқитын кезім еді. Күздің соңғы күндерінің бірі болатын. Аяқ киім киетін шақ жақындап қалған. Сол күні етігімді аядым ба, білмеймін, «бүгін қар жаумайтын сияқты, жалаң аяқ баруға болады» дедім де, мектепке тартып кеттім. Қырсыққанда сол күні қар жауып кетті. Жауғанда да қалың болып басып қалды. Жалаң аяқ балалардың бірін атасы, бірін апасы, енді бірін әкесі, тағы бірін шешесі әкетіп жатты. Мен жалғыз қалдым, іздеп келетін ешкім болмады. Ол уақытта шешем Новосібірге қарағай кесуге кеткен. Алтынкүл шешемнің мені іздеп келуге жағдайы болмады. Ауыл мен мектептің арасы кәдімгідей қашық болатын. Өзім жалаң аяқ кетсем, аяғымды үсітіп алатынымды жақсы білдім. Сөйтіп мектепте жалғыздан-жалғыз қала бердім. Сөйтіп, тастай суық әрі қараңғы мектептің ішінде жалғыз қалдым. Далада да қою түн. Бұрыштағы партаның үстінде бүрісіп, жылап отырмын. Бірақ даусымды шығаруға қорқамын, бір артық қимыл жасамаймын. Өйткені сәл қимылдап қойсам, парта да сықырлап кетеді. Оның даусын естіп, жан-жақтан шайтандар жүгіріп келетіндей әсердемін. Оларға «мұнда адам барын білдірмеуім керек» деп өз-өзімнен қорқып отырамын. Көзіме неше түрлі нәрсе елестейді. Ұйқы қашқан, таңға дейін көз ілмедім. Адам баласының бойында қандай сезімдер болса, сол түн менің бар сезімімнің оянған түні болды. Қысқасы, бұл менің өмірімдегі ең азапты түн болды. Бұл түн-бір ғасырға тең болды. Алайда осы түн мені қатты есейтіп жіберді. Ойламаған нәрсем жоқ, әкемді сағындым, шешеме жаным ашыды, өзімнің әлсіздігіме налыдым. Әйтсе де болашаққа үміт арттым. Бәрінен бұрын әдемі, жаңа аяқ киім киетін күнімді көз алдыма елестетіп, қатты армандадым.