Биыл шалғай жайылымдарда мал өсіретін 200 шаруашылық құрылады

istockphoto.com

Биыл шалғай жайылымдарда мал өсіретін 200 шаруашылық құрылады: 21 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Бұл туралы Парламент Сенатында өткен отырыс барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

19 қаңтарда Үкімет мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары жобасын мақұлдады. Бүгінгі отырыста депутаттарға аталған стратегиялық құжаттың негізгі бағыттары түсіндірілді.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта мал шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Атап айтқанда, ірі қара мал саны 2,4%-ға артып, 7,977 млн бастан 8,167 млн басқа жетті, ал ұсақ қара мал саны 1,6%-ға өсіп, 20,224 млн бастан 20,551 млн басқа дейін көбейді. Сүт өндірісі 3,8 млн тоннаны құрап, 5%-ға артты, ал ет өндірісінің көлемі 1,2 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға өсті.

«Көрсетілген мәселелерді шешу мақсатында Министрлік тарапынан мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Құжатта жеңілдетілген несиелеу, асыл тұқымды мал шаруашылығын және ғылыми қамтамасыз етуді дамыту, азықтық базаны нығайту мен ветеринариялық қауіпсіздікті арттыру, саланың инвестициялық тартымдылығын күшейту, заманауи технологияларды енгізу, өткізу нарықтарын және экспорттық әлеуетті кеңейту жөніндегі ынталандыру шаралары көзделген», — деді Аманғали Бердалин.

Саланы жаңғыртудың негізгі құралдарының бірі қолжетімді жеңілдетілген кредиттерді енгізу болмақ. Жоғары өнімді мал басын сатып алу үшін жылдық 6% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске асыру жоспарлануда. Бұл қаржыландыру мал шаруашылығының барлық бағыттарын қамтып, мал басын жаңартуға және оның генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Кешенді жоспарда жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мен шалғай жайылымдардағы мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта жайылым инфрақұрылымын дамытуға арналған бірыңғай кредиттік өнім іске қосылады. Ол жайылымдарды суландыруды және мобильді қоныстарды сатып алуды қамтиды. Нәтижесінде 2026 жылы шалғай жайылымдардағы мал шаруашылығына маманданған 200 шаруашылық құру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, мал шаруашылығы бағыттары бойынша шектеусіз түрде айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит беру көзделген. Қаражат жем-шөп, жанармай-жағармай материалдары, ветеринариялық препараттар және басқа да ағымдағы шығыстарды сатып алуға бағытталады. Бұл бағыт бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 104 млрд теңгені құрайды.

Кешенді жоспардың басты міндеттерінің бірі — мал басының өнімділігін арттыру. Осы бағытта жасанды ұрықтандыруды қолдау шараларын кеңейту, оның ішінде жынысы іріктелген тұқымды пайдалану, сондай-ақ ірі қара малдың эмбриондық көбею зертханасын құру мәселесін пысықтау қарастырылған.

Саланың кадрлық әлеуетін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар да көзделген. Атап айтқанда, агросыныптарды енгізу, тәжірибеге негізделген оқытуды дамыту, ауылдық жерлерде міндетті түрде жұмыс істеу шартымен үшжақты келісімшарттар бойынша білім беру гранттарына квоталар бөлу, сондай-ақ аграрлық жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасына қойылатын талаптарды күшейту жоспарланған.

Ветеринариялық саланы нығайту мақсатында мамандардың еңбекақысын арттыру және нормативтік жүктемені төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар ветеринариялық зертханалар мен инфрақұрылымды жаңғырту, импортталатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту жұмыстары жалғасуда.

Экспорттық нарықтарды кеңейту аясында 2025 жылы 16 ветеринариялық сертификат келісіліп, қол қойылды. Бұл мал шаруашылығы өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне, Ұлыбританияға, АҚШ-қа, Канадаға, Парсы шығанағы елдеріне және басқа да мемлекеттерге экспорттауға мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы Қытай Халық Республикасына, Еуропалық одаққа, Пәкістанға және өзге де елдерге экспорттық өнім номенклатурасын кеңейту жоспарланып отыр.

Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде ірі қара мал саны 12 млн басқа, ұсақ қара мал саны 28 млн басқа дейін ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен қатар орташа тәуліктік салмақ қосу және бір сиырға шаққандағы орташа сүт өнімі 12 мың кг-ға дейін артады. Ет өндірісінің көлемі 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін өсіп, ет экспорты екі есеге ұлғаяды.

Отырыс барысында депутаттар жоспарды іске асыру тетіктеріне, фермерлерді қолдау шараларына және жеңілдетілген кредиттердің қолжетімділігіне қатысты сұрақтар қойды. Вице-министр барлық көзделген шаралар мал шаруашылығының тұрақты дамуына және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/274912-biyl-salgai-zaiylymdarda-mal-osiretin-200-saruasylyq-qurylady

Comments (0)
Add Comment