Батыс Қазақстанда өзеннен жүздеген ақбөкеннің өлексесі табылды

Фото: Видеодан скрин

Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданындағы Сарыөзен өзенінен ақбөкендердің өлекселері табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші” телеарнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мамандардың айтуынша, қысқы көші-қоннан кейін әлсіреген ақбөкендердің қырылуы табиғи құбылыс.

Қазір мамандар жануарлардың өлекселерін жинап, жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге 1600-ден астам өлексе анықталған. Мұндай жағдай көктем мезгілі келген сайын жыл сайын байқалады. Кейбір жылдары олардың саны 5 мыңнан да асып кеткен.

«Жануарлардың нақты неден қырылғаны және олардың адамдарға қауіп төндіре ме, жоқ па қазір анықталып жатыр. Тиісті сынамалар алынып, ветеринариялық зертханаға жіберілді. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша, Орал популяциясындағы ақбөкендердің саны 2 миллион 300 мыңға жеткен. Жақын арада олардың нақты саны белгілі болады. Келесі аптада өңірде жануарларды есепке алу жоспарланған», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2025 жылы үкімет қаулысымен ақбөкендердің санын реттеу жұмыстары жүргізілген.

Жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Кәдешевтың айтуынша, ақбөкендердің санын реттеу нәтижесінде табиғи ортадан 108 мыңнан астам жануар алынды.

«Жұмыстарға 15 ет комбинаты мен сою цехтары қатысты. Бұл, әрине, өз әсерін тигізеді. Мысалы, егер аналық ақбөкен жылына екі төл әкелетінін, олардың шамамен 60%-ы аналық екенін ескерсек, жалпы саны шамамен үш есеге дейін азаюы мүмкін», — деді Қайрат Кәдешев.

Еске салайық, Батыс өңірінде аң-құстардың жаппай қырылуы алғаш рет болып отырған жағдай емес. Бұған дейін де Каспий теңізі маңынан өлі құстар мен балықтардың табылуы бірнеше рет тіркелген. Мамандар мұндай оқиғаларды көбіне экологиялық факторлармен байланыстырады. Оған судың ластануы, өнеркәсіптік қалдықтар, кемелерден төгілетін балласт сулары, сондай-ақ жұқпалы аурулар немесе табиғи өзгерістерге байланысты екені айтылды.

Comments (0)
Add Comment