Балалар сауықтыру лагерлерін лицензиялау туралы жаңа заң қабылданды: 1 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қабылданған түзетулер балаларға арналған қосымша білім беруді дамытуға бағытталған және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін жыл бойы және маусымдық стационарлық балалар лагерьлерінің қызметіне қатысты.
2026 жылдан бастап қосымша білім беру ұйымдары екі санатқа бөлінеді. Бірінші санат — қызметі лицензиялауға жататын білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдар. Екінші санат — хабарламалық тәртіппен жұмыс істейтін қосымша білім беру ұйымдары. Мұндай тәсіл саланы реттеуді жеңілдетуге әрі көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Балалардың қауіпсіздігі мен қызмет сапасын қамтамасыз ету мақсатында балалар лагерьлерінің қызметі 2026 жылғы 1 сәуірден бастап лицензияланатын болады. Бұл балалардың демалысы, оқуы және сауықтыруы үшін қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеуге мүмкіндік береді.
Лицензияның қолданылу мерзімі бір жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Бұл ұйымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін болдырмайды. Лицензияның бес жылға берілуі ұйымдардың қызметінің тұрақтылығы мен мемлекеттік бақылауды жүйелі түрде жүзеге асыру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Қабылданған шаралар балалардың демалысы, оқуы және сауықтыруы үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдайлар жасауға, сондай-ақ елімізде білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсетудің бірыңғай стандартын қалыптастыруға бағытталған.
Қазіргі таңда қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының қызметін реттейтін тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жалғасуда.