Баймаханбет Ахмет саяси науқанның басынан табылды

Таңғы сағат 7:00-ден басталған дауыс беру Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназиясында орналасқан №35 сайлау учаскесінде де жалғасуда. Таңмен бірге учаскеге келген тұрғындар өз таңдауын жасап, ел өміріндегі маңызды саяси науқанға үн қосты. Дауыс беру басталғалы бері 308 сайлаушы өз таңдауын жасады, деп хабарлайды aqjolgazet.kz.

Аталған учаскеге Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Баймаханмет Ахмет Тоққошқарұлы да арнайы келіп, өз таңдауын жасады.

– Бүгінгі күнді еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі деуге болады. Өйткені біз ел болашағының ынтымақтастығына, ілгерілеуіне, әлеуметтік дамуына ықпал ететін азаматтарды таңдауға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Сайлауға жеті партия қатысып отыр. Бұл – азаматтарға таңдау мүмкіндігі берілгенін көрсетеді. Бүгінгі күнді жаңарған қоғамның жаңа бір белесі ретінде қабылдаймыз. Осы таңдаудың ел дамуына оң ықпал етіп, әлеуметтік жағдайымыздың жақсаруына жол ашатынына сенеміз. Еліміз жасарып, жайнай берсін. Мемлекетіміздің келешегі кемел болып, бүгінгі таңдауымыз елдің ертеңіне қызмет етсін, – деді қаламгер.

Сайлау учаскесіндегі дауыс беру процесі белгіленген тәртіппен өтіп, тұрғындардың қатысуы жалғасуда.

Еске салайық, сайлау учаскелерінде дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Comments (0)
Add Comment