Абай облысында фитосанитариялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданына жұмыс сапары аясында шегіртке ошақтарын анықтау және зерттеу жұмыстарымен танысты. Аудан орталығында жер үсті бүріккіш техникаларды қолдану арқылы химиялық өңдеу бойынша оқу-жаттығу шарасы өтті. Шара шеңберінде аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу маусымына дайындық мәселелері бойынша кеңейтілген форматта көшпелі штаб отырысы өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков пен аталған министрліктің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» басшысы Елтай Хамиджанұлы арнайы келді. Оқу-жаттығу жиынында өңірде атқарылып жатқан фитосанитариялық шаралар туралы Абай облысы бойынша аумақтық инспекция басшысы М.Жанабаев пен Болжам әдістемелік орталығының облыстық филиалының басшысы М.Бектеміров баяндады.
Өңірде аса қауіпті зиянды организмдерге, соның ішінде үйірлі шегірткелерге қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта облыс көлемінде 11 жедел штаб құрылып, аудандық деңгейде тұрақты түрде жұмыс істеуде. Олар зиянкестердің таралуын бақылау және жедел әрекет ету жұмыстарын үйлестіреді.
Зиянкестерге қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында кең көлемді мониторинг және зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, 1 563,1 мың гектар аумақта зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жұмыстарға 79 анықтаушы маман, 18 инспектор және 11 ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкері тартылып, 39 автокөлікпен қамтамасыз етіледі.
Шара барысында шегіртке зиянкестестерін зерттеуге және химиялық өңдеу жұмыстарын бақылауға арналған аудандық аумақтық және болжам әдістемелік филиалдарының техникалары таныстырылды.
«Шаруаларға зардабын тигізбеу үшін шегірткелердің санын азайту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз керек. Ең бастысы, алдын алу шараларын уақтылы қолға алуымыз қажет. Әкімдік тарапынан тиісті қолдауды көрсетеміз», — деді Берік Уәли.