Алғашқы айыппұл Қызылордада тіркелді

Қызылордада көлік жүргізу кезінде телефон қолданғаны және қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін Қазақстандағы алғашқы автоматты айыппұл рәсімделді. Бұл туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Сабит Ибадулла Digital Business-ке мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу 12 наурыздан кейін мүмкін болған. Кейін жүйе сынақтан өтіп, ведомстволар арасындағы келісімдерден соң нақты айыппұлдар рәсімделе бастаған.

Жаңа жүйе отандық SUNQAR кешені негізінде жұмыс істейді. Онда жасанды интеллект жүргізушінің көлік ішіндегі әрекетін талдап, құқық бұзушылықты анықтайды. Алайда айыппұл салу туралы соңғы шешімді полиция қызметкері қабылдап, оны әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімінде тіркейді.

Жоба кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазір автоматты түрде тек жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпауы тіркеледі. Ал балаға арналған орындықсыз тасымалдау сияқты өзге құқық бұзушылықтар әзірге камера арқылы айыппұлға ілінбейді.

ФОТО; azh.kz

Qaz365.kz.

Comments (0)
Add Comment