АҚШ елшісі: Қазақстанда еңбек ету – мен үшін зор мәртебе

Ақорда
АҚШ елшісі: Қазақстанда еңбек ету – мен үшін зор мәртебе: 9 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырып, екіжақты ықпалдастық ең жоғарғы деңгейге жеткенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ сауда-экономика, мәдениет, қорғаныс және гуманитарлық салаларда тығыз әріптестік орнатқан.

«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырғаныма өте қуаныштымын. Қазақстанда еңбек ету – мен үшін зор мәртебе. Америка Құрама Штаттары мен Қазақстанның қарым-қатынасы ерте қалыптасты. АҚШ – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің бірі. Бүгінде серіктестігіміз барынша бекіді. Қазір екіжақты ықпалдастық өз тарихындағы ең жоғары деңгейде.

Біз көптеген формат аясында байланыс орнаттық. Мәдениет саласында келісімдеріміз бар. Адамдар арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз өркендеуде. Бұл ықпалдастықты кеңейте түскенімізге және қарым-қатынасымызды нығайтып жатқанымызға қуанамыз. Іс жүзінде барлық салада серіктеспіз деп санаймын. Бүгінде бұл ынтымақтастығымыз бұрынғыдан да жедел дамып келеді. Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп өзара тығыз әрі тұрақты қарым-қатынас орнатқан. Президент Тоқаев қараша айында Вашингтонға сапармен барды. Таяуда ғана Президент Трамппен телефон арқылы әңгімелесті. Жуырда Құрама Штаттарға тағы да бармақ. Аталған қарым-қатынас алдағы уақытта да қарқынды түрде дами береді деп сенеміз», — деді АҚШ елшісі.

Сонымен қатар Джули Стаффт Президент Тоқаев пен Трамп ұдайы байланыста, өте жиі диалог құратынын және алдағы уақытта олар тағы жүздесетінін атап өтті.

«Жаңа ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, екіжақты байланыстардағы басым бағыттарды талқыладық.

Бұл ретте бізге Президент Дональд Трамп толық қолдау көрсетеді. Екі мемлекет басшысының көмегімен өзара ынтымақтастығымызды кеңейтуге аса ықыластымын. Қазақстан Президентімен және оның жанындағы адамдармен өте мазмұнды, достық рәуіште кездесу өтті. Сонымен қатар кеше Сыртқы істер министрімен келіссөз жүргіздім. Алдымызда көптеген жұмыс күтіп тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Вашингтонға жасаған сапарының қорытындысын сауда-экономика, мәдениет, қорғаныс және гуманитарлық салалардағы байланысымызды нығайтуға, екі ел халқының арасын жақындатуға қолдануымыз қажет. Бұл жұмыс қазірден басталады.

Ресми қызметімнен бөлек, отбасыммен бірге осынау тамаша елмен жете танысқымыз келеді. Қазақстан халқымен араласып, елдің мәдениеті мен тыныс-тіршілігін жақыннан білуге ниеттіміз. Осы елге келгенімізге шын жүректен қуаныштымыз», — деді ол.

Comments (0)
Add Comment