Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында ел ішінде тараған жаңсақ пікірге қатысты жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бүгінде Мемлекет басшысының ел дамуының стратегиялық бағдарына негізделген саяси реформалардың арқасында әділетті әрі ашық қоғам қалыптасты деуге толық негіз бар. расында азаматтардың Ата заңның әрбір жолына үңіліп, оның мазмұны мен болашақтағы ықпалын терең пайымдау қоғамның саяси мәдениетінің кемелденгенін және азаматтық жауапкершіліктің артқанын аңғартады. Бұл мәселеде қолдау да, үміт те бар. әрине, алаңдаушылық пен сын да жоқ емес. мұның барлығы біз үшін маңызды әрі назардан тыс қалмауға тиіс», — деді ол.
Аида Балаев өз сөзінде қоғамды ерекше толғандырып отырған бірқатар көкейтесті мәселелер мен әлеуметтік саладағы маңызды бағыттарға тоқталып өтті.
«Әлеуметтік желіде мемлекет кепілдік беретін білім беру, денсаулық сақтаудағы әлеуметтік міндеттемелер қысқартылады деген жаңсақ пікір таратуда. Алайда жаңа Конституциялық жобасының Преамбуласы мен бірінші бабында еліміздің әлеуметтік мемлекет екені нақты әрі айқын жазылған. Ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайды. Мынан нәрсені айқын түсінуміз керек. «Тегін» деген ұғым құқықтық тұрғыда нақтырақ азаматтар ақы төлемей, заңда белгіленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы деген тұжырымдамамен алмасты. Яғни, азаматтардың ақысыз негізде көмек алуын мемлекет кепілдік береді. Расында аталған қызметтер ешқашан өздігінен тегін болған жоқ. Олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырып келді. Осыған байланысты айтылып жүрген кез келген пайымның ешқандай негізі жоқ. Мемлекеттік бюджеттің 40 пайызға жуығы әлеуметтік салаға бағытталғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Осы орайда құжаттың 32 және 33-баптарында азаматтарымыз үшін ақысыз медициналық көмек пен бастауыш білім алу құқықтарының бекітілуі шын мәнінде жоғарыда аталған адами капиталды дамытудың негізі екені сөзсіз», — деді ол.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/275830-aida-balaev-zana-konstituciia-zobasynda-medicinalyq-komek-pen-bastauys-bilim-alu-quqyqtarynyn-bekitilui-adami-kapitaldy-damytudyn-negizi