Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте көктемгі егіс және дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.
Облыста картоптың егіс алқабын кеңейту бойынша нақты шаралар қабылданып, ірі шаруашылықтарды тарту жұмысы күшейтілді.
Сонымен қатар жүгері алқабын ұлғайту және мал шаруашылығының дамуына байланысты жем-шөп базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Майлы дақылдар көлемін кемінде өткен жылдың деңгейінде сақтау көзделген.
Көктемгі егіс жұмыстарына 12630 техника жұмылдырылады. Олардың дайындығы 90 пайызды құрайды. Жанар-жағармайға сұраныс 29,6 мың тонна болса, оның 25,9 мың тоннасы бөлінді. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылы 592 бірлік техника сатып алынып, жаңарту деңгейі 6,7 пайызға жетті. Биыл бұл көрсеткішті 8 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кең дала» бағдарламасы аясында 14 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 78 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 7,1 млрд теңге қаражатты игерді. Бұл фермерлерге қажетті ресурстарды алдын ала алуға мүмкіндік беруде.
«Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан көктемгі науқанды уақтылы және сапалы өткізу аса маңызды. Техника дайындығы, тұқым қоры, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселелері толық шешімін табуы тиіс», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ