30 минут дауыстап кітап оқу есте сақтау қабілетін сақтауға көмектеседі – зерттеу

сурет: istockphoto.com
Күніне небәрі 30 минутты дауыстап оқу, қолмен жазу және қарапайым математикалық есептер шығаруға арнау егде жастағы адамдардың есте сақтау және ойлау қабілетін ұзақ уақыт сақтауға көмектесуі мүмкін. Мұндай қорытынды Educational Gerontology журналында жарияланған жаңа зерттеуде айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz psypost.org-ке сілтеме жасап.

Ғалымдардың мәліметінше, жас ұлғайған сайын адамның жады, зейіні мен тілдік қабілеттері біртіндеп әлсірейді. Кейбір адамдарда бұл өзгерістер жеңіл когнитивтік бұзылысқа ұласуы мүмкін. Бұл жағдай күнделікті өмірге айтарлықтай кедергі келтірмегенімен, болашақта Альцгеймер ауруы мен деменцияның даму қаупін арттырады.

Дәл осы себепті зерттеушілер дәрі-дәрмексіз ми саулығын сақтаудың тиімді тәсілдерін іздеуде. Солардың бірі – миды тұрақты түрде жаттықтыру. Ғалымдар мұндай белсенділік жүйке жасушалары арасындағы байланысты нығайтып, жасқа байланысты өзгерістерге төзімділікті арттырады деп есептейді.

Зерттеу аясында АҚШ-тағы Джордж Мейсон университетінің ғалымдары StrongerMemory бағдарламасының тиімділігін бағалады. Оған жасы 59-дан асқан 102 адам қатысты. Олардың барлығы есте сақтау қабілетінің нашарлағанын айтқанымен, ешқайсысына деменция диагнозы қойылмаған.

Қатысушыларға күн сайын үш тапсырманы орындау ұсынылды:

10 минут бойы дауыстап кітап оқу;
10 минут қолмен жазу;
10 минут қарапайым математикалық есептер шығару.
Олар өздері оқитын кітапты және жазатын тақырыпты еркін таңдады.
Зерттеушілердің айтуынша, дауыстап оқу үнсіз оқуға қарағанда көру мен есту жүйесін қатар іске қосып, зейінді көбірек талап етеді. Қолмен жазу ұсақ моториканы дамытып, ақпаратты есте сақтауға көмектеседі. Ал қарапайым математикалық есептер логикалық ойлауды және назарды шоғырландыруды ынталандырады, бірақ қатысушыларға артық күйзеліс туғызбайды.

12 аптадан кейін жүргізілген бағалау нәтижелері қатысушылардың когнитивтік тестілердегі көрсеткіштері жақсарғанын көрсетті. Дегенмен зерттеу авторлары бұл өзгерістердің көлемі аса үлкен болмағанын және қысқа тест нәтижелерінің жақсаруы адамның күнделікті өмірдегі барлық қабілеттері бірден жақсарды дегенді білдірмейтінін атап өтті.

Соған қарамастан, мамандар бұл әдістің қарапайым, қолжетімді әрі шығыны аз екенін айтады. Сонымен қатар әр адам оқу материалын және жазу тақырыбын өз қызығушылығына қарай таңдай алатындықтан, мұндай жаттығуды ұзақ уақыт бойы тұрақты орындау жеңіл болады.

Ғалымдар алдағы уақытта тапсырмалардың күрделілік деңгейін өзгерту мидың бейімделу қабілетін одан әрі жақсарта ала ма деген сұраққа жауап іздеуді жоспарлап отыр.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/286025-30-minut-dauystap-kitap-oqu-este-saqtau-qabiletin-saqtauga-komektesedi-zertteu

Comments (0)
Add Comment