«20 рет салдырып, бір өлімнен аман қалған»: Медицина мамандары система арқылы жасару жалған жарнама екенін айтып, дабыл қақты

Желіде система арқылы сұлуланып жасарғысы келетіндердің қарасы көбейді. Бүгінде оңтүстік кореялық өнім қыз-келіншектердің бас ауруына айналған. Сұлулық орталықтары адам ағзасына қажет үш дәруменнен тұратын сұйықтықты құйып береді. Алайда оның құрамы мен өндіруші компанияны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Осы орайда Stan.kz тілшісі медицина мамандарынан ситема арқылы жасарудың пайдасы мен зиянын сұрап көрді.

Қанға сұйықтық құю арқылы жасарамын деген желі қолданушылары түрлі пікір жазып жатыр. Бірі қолдаса, енді бірі система алып, өлім аузынан қалғанын айтты. Астаналық Сандуғаш есімді келіншек өзінің оқиғасын айтып берді.

“Капельницаны 20 рет құйдырдым. Ешқандай нәтиже бермеді. Бетімдегі қара дақ та, артық салмақ та кетпеді. Мұндай жарнамаға сенуге болмайды екен. Сәл ғана бетім тазарды. 60 мың теңгем желге ұшты. Оңтүстік Кореядан арнайы тапсырыспен алдырдым. Ең дұрысы спорт пен дұрыс тамақтану екен. Басқа ағзаларға кері әсерін тигізеді деп естідім. Системадан кейін өзіңе келе алмай, қатты қиналасың. Басың айналып, жүрегің айниды. Өзім бірінші салғанда өлім аузынан қалдым”, – деді келіншек.

Хит болып жатқан кореялық өнімнің бағасы – 10 мың теңге мен 25 мың теңгенің арасы. 3 немесе 5 рет салғызуға болады. Жарнамасында жазғандай, жаңарып жасарудың керемет жолы көрінеді. Өттің толғанын емдеп, ісікті кетіреді екен. Метоболизмді жақсартады делінген.

Stan.kz тілшісі терапевт, гастроэнтеролог Жазира Халменовадан система арқылы жасарудың пайдасы бар-жоғын сұрап көрді.

“Қазіргі таңда көптеген адам иммунитетті көтеру және ағзаны жасарту мақсатында  әртүрлі антиоксидентті тамыр арқылы салынатын дәрілерге жүгінеді. Кейбір адамдар беттегі қара дақтар мен безеулерден құтылу үшін де құйдырады. Елімізде өте көп түрі кездеседі. Олардың құрамында витамин С, глутатион және Альфа-липоевая кислота болады. Глутатион ағзаны токсиндерден қорғайды. Ағзадағы клетканы тотығудан сақтап отырады. Ол төмендегенде қартаю процесі жүре бастайды. Энергия төмендеп, жасушаның қызметі әлсірейді. Негізі темекі мен ішімдік ішетін адамдардың глутатионы төмен. Бұл капельницалар тікелей көктамырға жіберілгендіктен арнайы сақтық шараларын жасау керек. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Қазір сұлулық салондарында да осы системаны сала беретіндер көбейді. Олардың медициналық білімін тексермейді. Бұл адам денсаулығына өте қауіпті. Бизнестің бір түрі деп айту керек”, – деді терапевт.

Сондай-ақ медицина маманы процедура кезінде пациенттен ешқандай анализ талап етпейтін орталықтардың көбейгенін айтты.

“Капельница алатын кезде пациенттен ешқандай анализ алмайды. УЗД-ге түсірмейді. Ағзаның жеке ерекшеліктері ескерілмейді. Дозасы мен құрамы дұрыс таңдалмайды. Мұндай жағдайда пациенттің ағзасы кері реакция беруі мүмкін. Улану жағдайлары да кездесіп жатады. Ағза шок алып қалады. Гепатитке ұласып жатқандарды да көріп жүрміз. Капельница арқылы 10 жылға жасару – миф. Себебі қартаю процесін бір реттік системамен тоқтату мүмкін емес. Адам табиғи жолмен де жасара алады. Тамақ пен режимін дұрыстаса бәрі реттеледі. Көшеден тамақтанбай, газды сусын ішпей-ақ та ағзаны жасартуға болады. Адамның ағзасы тәжірибе жасап көретін зат емес. Кез келген дәріні немесе системаны құйып, тәжірибе жасап көруге болмайды. Барлық ем-шара дәрігердің бақылауында болғаны абзал. Өз бетіңше неше түрлі дәріні қабылдап, жарнамаға сенбеңіз. Соңындағы зардабын өзіңіз көресіз. Токсикалық гепатитке қалай шалдыққаныңызды сезбей қаласыз”, – деп түсіндірді Жазира ханым.

STAN.KZ
https://stan.kz/kapelnica-arkili-zhasaru-mif-pe-biznes-pe-425511/
Comments (0)
Add Comment