122,8 млрд теңге: Жамбыл облысының агросаласына тартылған инвестиция 11 есеге өсті

Жамбыл облысында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту қарқыны айтарлықтай артты. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірасіл Желеубаев мәлімдеді.

Биыл ауыл шаруашылығы саласына 122,8 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 11 есеге артқан. Осылайша Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен 115,0 млрд теңгелік жылдық жоспар мерзімінен бұрын толық орындалды.

Биыл облыста жалпы құны 63,1 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

«Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы, яғни Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жобасы аясында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, «TRZ AGRO» ЖШС жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын, 12 мың тонна өнім сақтауға арналған көкөніс қоймасын пайдалануға берді. Жоба аясында 995 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.

Сонымен қатар өңірде жалпы құны 7,7 млрд теңге болатын, 1 862 басқа арналған 4 тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар 4,3 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған. Фермалар биыл іске қосылып, облыстағы сүт өндірісін 6,5 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Ет бағытындағы жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 65 мың басқа арналған 3 қой бордақылау алаңын және 15 мың басқа арналған 3 ірі қара мал бордақылау алаңын салу жоспарланған. Жалпы құны 15,4 млрд теңгені құрайтын бұл жобаларға 4,7 млрд теңге жеңілдетілген несие қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін 1 млрд теңгеге 10 мың басқа арналған бір жоба қаржыландырылды. Жобалар толық іске асқаннан кейін өңірдегі ет өндірісі 3-5 пайызға өседі деп күтілуде.

Бұдан бөлек, «Гәкку құс» ЖШС жылына 10 млн дана инкубациялық жұмыртқа өндіретін асыл тұқымды репродуктор құрылысына кіріседі. Жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын жобаға 3 млрд теңге жеңілдетілген несие берілген.

Аталған жоба іске қосылғаннан кейін өңірдің инкубациялық жұмыртқаға деген қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі.

baq-orda.kz

Comments (0)
Add Comment