ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері және өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе халық арасында жарақаттанудың алдын алу және оның деңгейін төмендету болды. Ең алдымен, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім мен мүгедектікті азайтуға бағытталған кешенді шаралар ұсынылды.
Кейінгі он жылда елде сыртқы себептерден болатын өлім-жітім шамамен екі есе азайғанына қарамастан, жарақаттану әлі де өзекті медициналық-әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр. Соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім тағы 14,5%-ға төмендеген. Алайда жол апаттарының және зардап шеккендер санының өсуі жалғасуда.
Медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімдерін жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Елде 210 шокқа қарсы кабинетті ауыр жарақат алған науқастарға шұғыл көмек көрсетуге қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылған Trauma room форматында қайта жабдықтау басталды. Медицина қызметкерлері ATLS халықаралық бағдарламасы бойынша даярлықтан өтеді. Бұл жарақаттарды анықтау мен емдеудің заманауи тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді.
Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін трассалық медициналық-құтқару пункттерін орналастыру тәртібін қайта қарау, автомобиль жолдарының апат қаупі жоғары учаскелерінде 69 жаңа тірек пунктін ашу, сондай-ақ туристік аймақтарда, халық көп демалатын орындарда және ұйымдастырылған жағажайларда 60 маусымдық модульдік медициналық пункт орнату ұсынылды. Аталған шараларды іске асыру медициналық қызметтердің оқиға орнына жету уақытын қысқартып, зардап шеккендерді «алтын сағат» аралығында құтқару мүмкіндігін арттырады.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеңес Тұрсынбаев төтенше жағдайлардың алдын алу және шұғыл ден қоюдың тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Биылғы бірінші жартыжылдықта 14 мыңға жуық адам құтқарылып, 2 мыңнан астам зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта негізгі күш өрттің және су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға, ерте хабарлау жүйелерін дамытуға, өрт сөндіру, құтқару және медициналық бөлімшелерді бірыңғай жүйеге біріктіруге бағытталған. Сонымен бірге әмбебап құтқару бөлімшелерінің желісін кеңейту және халыққа жедел көмек көрсету үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясын дамыту жұмыстары жалғасуда.
Ұсынылған шараларды тыңдаған Аида Балаева оларды іске асыруды кейінге қалдыруға болмайтынын атап өтті. Ол жарақаттан болатын өлім-жітім деңгейін жедел төмендетуге арналған қадамдық ведомствоаралық іс-қимыл алгоритмін қысқа мерзімде әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ алғашқы шұғыл көмектің, әсіресе халық көп демалатын орындарда қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударылды. Мемлекеттік органдарға шұғыл медициналық көмек көрсету инфрақұрылымын дамыту және өзара іс-қимылды күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе салауатты өмір салтын қалыптастыру және нығайту шараларына арналды. Елімізде денсаулыққа кері әсер ететін негізгі қауіп факторлары бойынша тиісті нормативтік база қалыптасқаны атап өтілді. Темекі және алкоголь өнімдерінің айналымын бақылау күшейтілді, 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынды. Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарттары енгізілді.
Салауатты тамақтану және қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыру мәселесіне ерекше мән берілді. Құрамында қант, тұз және трансмай мөлшері жоғары өнімдердің, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге бағытталған жарнамасын шектеу жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Сондай-ақ азық-түлік өнімдерін міндетті таңбалауды енгізу, темекі және алкоголь өнімдерін интернет арқылы сатуды реттеу, құрамында қант бар сусындарға сараланған акциз белгілеу мәселелері қаралды.
Өңірлердегі профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биылғы бірінші жартыжылдықта 9 ұлттық профилактикалық бағдарлама іске асырылып, 1,7 млн адамды қамтыған 80,3 мың іс-шара өткізілген. Алайда жалпы қамту деңгейі халықтың небәрі 8,5%-ын құрады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары әкімдіктерге салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңестерін құруды тапсырды. Сонымен қатар барлық қолжетімді ресурсты пайдалана отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының онкүндігін шұғыл бастауды міндеттеді.
https://primeminister.kz/news/ukimette-halyk-densaulygyn-korgau-sharalary-karaldy-31691