АИТВ-тың алдын алу мақсатында дөңгелек үстел өтті

420

Қазіргі таңда еліміз бойынша АИТВ дертіне шалдыққан 36 мыңнан астам адам тіркелсе, оның 1300-ден астамы жамбылдықтар екен. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінде сотталған азаматтар арасында АИТВ-тың алдын алу мақсатында өткен дөңгелек үстелде облыстық ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының дәрігер-эпидемиологы Виктор Когай айтып берді.
Басқосу барысында Виктор Геннадиевич республикадағы және облысымыздағы эпидемиологиялық ахуал хақында, оның берілу жолдары, жұқпаны диагностикалық анықтау, алдын-алу жолдары, сотталғандарға кеңестік және медициналық көмек туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірімізде АИТВ-мен тіркелгендердің 60 пайызы ер адамдар екен.
«Бүгінгі кездесудің мақсаты — сотталған азаматтарға АИТВ-тың алдын алу және жұғу жолдарын түсіндіру болып табылады. Еліміз бойынша аталған дертке шалдыққан 36 мыңнан астам адам тіркелсе, облыста 1300-ден астам адам тіркелген. Айта кететін жайт, өңірімізде АИТВ-мен тіркелгендердің ішінде ер азаматтардың үлесі 60 пайызды құрап отыр. Соңғы үш жылдағы мәліметке сәйкес, облысымызда жыныстық жолмен жұқтыру жағдайлары жиі анықталған. Сол себепті, бүгінгі жиында АИТВ-тың алдын алу жолдарын түсіндіруге аса мән беріп отырмыз» — деді В.Когай
Ал аталған мекеменің медицина бөлімінің бастығы әділет капитаны Гүлшат Медетбекова сотталған азаматтар арасында АИТВ-мен ауыратындардың жоқтығын және облыстық ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының мамандарымен қоян-қолтық жұмыс жүргізілетінін тілге тиек етті. «Бұл мекемедегі сотталған азаматтар арасында аталған дертке шалдыққандар жоқ. Жалпы, мекеменің медицина бөлімінің қызметкерлері облыстық ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының мамандарымен жиі бірлесе жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істеп, сотталған азаматтар арасында АИТВ-тың алдын алу шараларын жүргізетін боламыз», — деді Г.Медетбекова.
Жиын соңында сотталған азаматтармен сұхбат жүргізіліп, АИТВ-тың алдын алу мақсатында арнайы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.