Абай жылын өткізу үлкен мәртебе

424

Жыл басы Президент мақаласынан басталуы рухани, мәдени өміріміздегі құбылыс болды. Мақала өте салмақты, терең, толық жазылған. Мақаланың өзінде Абай мұрасын қазір қалай игеруіміз керек, болашақта халық кәдесіне қалай жаратуға болады деген ежелден келе жатқан сұраққа қазіргі заман тұрғысынан жауап берілген.

Абайдың биылғы 175 жылдық мерейтойында абайтану бұрынғы абайтанудан өзгеше болуы тиіс және заңды. Абайдың өсиеті – ел еркіндігі, бостандығы, қазақтың өз жеріне ие болуы. Сондықтан Абай мұрасына тәуелсіз көзқарастың қажет екені алдыңғы кезекке қойылып отыр. Президент осы мәселені мақаласында жан-жақты көрсете білген.

Абай – ұлттық болмысымыздың биігі, Абайды жаңаша тану керек, сонымен қоса Абайды жас ұрпаққа жаңаша ұғындыруымыз керек. Осы тұрғыда Президенттің қазіргі мемлекет және Абай мұрасы деген тақырыпты қозғағанын бөле-жарып айтуға болады. Бұл — мақаладағы «Мемлекет ісінің мүдделісі» бөлімінде көрініс тапқан. Халықты қалай билеу керек және халықты жақсы өмірге қалай жеткізу керек деген мәселені Абай өз заманында терең қозғаған. Кемеңгердің сол кездегі келелі ойы бүгін де өзектілігін жоймаған мәселе. Бұл тұрғыда Президент өзінің бағдарламасын Абай ілімімен байланыстырып, біраз мәселенің басын ашқанын білеміз.

Қазақ халқын әлемге таныту қандай жолмен жүзеге асады? Әр қазақ кеудесін соғып «мен қазақпын, мені таныңдар» деп айғайлай берсе, әлем тани ма? Әрине, танымайды. Ұлт әлемге ұлы тұлғалары арқылы танылады. Әлемге Абайдың мерейтойы, Абайдың ілімі арқылы бүкіладамзаттық идеялардың қандай деңгейде екенін көрсете алатын деңгейге жетуіміз керек. Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу қазақ халқы үшін де, мемлекет үшін де үлкен сын. Мерейтой рухани деңгейімізді көтеретіндей дәрежеде өтуі керек. Абайдың туған күні қарсаңында 500-ге жуық іс-шара өтеді. Саны аз емес, енді… Десек те сапасын көтеру үшін Абай мұрасына тереңдеу, насихаттау, жаңа технологиямен таныту мәселесіне мән берілуі керек. Бұл орайда, Президент мақаласы Абай жылын өткізудің бағдарламалық өзегі боларына үміт артамыз.

Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ,

ардагер-ұстаз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.