Қошқарата ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

703

Жуалы ауданы Қошқарата ауылы тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Оның себебі ауылда құрылысы жаздай жүргізілген 15 келушіге арналған заманауи дәрігерлік амбулатория ғимараты салтанатты жағдайда ашылды.

Құрылысты «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС жүргізді. Қошқараталықтар мереке қарсаңында ауылдың орталық көшесінің бойынан орын тепкен сәулетті денсаулық сақтау нысанын іске қосуға келген аудан басшыларын қуана қарсы алды. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов жиналғандарды мерекемен құттықтай келе, тағы бір маңызды жаңалықты жеткізді.

Таулы өңірдегі ауылдарды газдандыру жобасына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, келер жылы ауданда қалған 14 ауылды газдандыру жұмыстары басталатынын айтып, көпшілікті бір серпілтіп тастады. Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев, дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Сұлтанмұрат Шерметов мемлекеттің халықтың денсаулығын нығайту бағытында жасап отырған көмек-қолдауына ризашылығын білдіріп, ақ халатты абзал жандардың ел игілігі үшін жасап жатқан жұмысына табыс білдірді. Жаңа ғимараттың символикалық кілтін аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Сұлтанмұрат Шерметовқа табыс етті.

Абзал Есіркепов

Leave A Reply

Your email address will not be published.