Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №25 мекемесінде «Отбасы күні» мерекесіне орай жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтардың отбасылық байланыстарын нығайтуға бағытталған іс-шара ұйымдастырылды.
Мереке қарсаңында еліміз бойынша отбасылық қолдауды арттыруға, отбасы құндылықтарын дәріптеуге және әлеуметтік байланыстарды сақтауға бағытталған түрлі шаралар жүзеге асырылуда.
Осыған орай, мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтарға отбасы мүшелерімен Skype байланысы арқылы онлайн сөйлесуге мүмкіндік берілді. Аталған мүмкіндік сотталғандардың туған-туыстарымен қарым-қатынасын үзбеуіне, жақындарымен эмоционалдық байланысты сақтап, отбасының қолдауын сезінуіне оң ықпал етеді.
Отбасымен тұрақты қарым-қатынастың сақталуы сотталған азаматтардың психологиялық жағдайын тұрақтандыруға, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және болашаққа деген оң көзқарасын қалыптастыруға маңызды әсер етеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, сотталғандардың әлеуметтік байланыстарын сақтау, жақындарымен қарым-қатынасын нығайту және олардың психологиялық тұрғыдан қолдау алуына жағдай жасау.
Отбасы – адамға күш беретін, қиындықты еңсеруге жігер сыйлайтын ең маңызды орта. Сондықтан жақындарымен байланысын сақтау – сотталған азаматтарды қайта әлеуметтендіру бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі.