
Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездестім. Кездесуде халықаралық қаржы ұйымының қолдауымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалардың іске асырылу барысын және алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқыладық.

Атап айтқанда, Ислам даму банкімен бірлесіп іске асырылып жатқан «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының алғашқы кезеңінің жүзеге асырылу барысы қаралды. Бүгінде барлық ұйымдастыру жұмысы толық аяқталып, халықаралық консультанттар айқындалды. Сонымен қатар ирригация каналдарын реконструкциялауға бағытталған 88 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, су қоймаларын салу және реконструкциялау жұмыстарын жүзеге асыратын мердігер ұйымдарды іріктеу рәсімдері жүргізіліп жатыр.

Жалпы Ислам даму банкімен жасалған келісім аясында 4 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 7 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ жалпы ұзындығы 2,8 мың шақырым ирригация каналдарын реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша 151 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асатынына сенім білдіріп, Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бастамалары Ислам даму банкінің өзге серіктес елдері үшін де үлгі бола алатынын атап өтті.