Сот, полиция, жергілікті атқарушы органдар Мемлекеттік қызмет болып табылады. Мемлекеттік қызметші — биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсететін күрделі де, үлкен жауапкершілікті талап ететін мәртебелі мамандық. Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет. Дамыған мемлекет тек қана тиімді және кәсіби мемлекеттік қызмет негізінде құрылады. Қазіргі жаңа жаһандану заманы, жаңа технологиялар, қоғамның өскелең талабы мемлекеттік қызметтің қарқынды дамуын талап етеді.




Үш бірдей кәсіби маман иелеріне арналған шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарының жұмыстары елмен тығыз байланысты екенін айтып, қажымас қайрат, зор денсаулық тіледі. Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Оразбайұлы да ізгі тілектерін жолдады.


Өз саласының үздігі атанған бірқатар қызметкерлер Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен «Аудан сіңірген еңбегі үшін!» төсбелгісімен, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және аудандық полиция бөлімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдызы Мөлдір Әуелбекова барша сарысулықтарға әннен шашу шашса, аудандық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқап, «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымы түрлі билерімен шараның көркін кіргізді.