

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саммит қорытындысы бойынша Түркістан облысында атқарылған дайындық жұмыстарына жоғары баға беріп, өңір тұрғындарына және осы маңызды шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға ерекше ризашылығын білдірді. Бұл – ең алдымен, көне шаһардың халықаралық аренадағы биік абыройы және ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен әрбір азаматтың еңбегіне берілген әділ баға. Түркістан өзінің жаһандық деңгейдегі ауқымды іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын стратегиялық және мәдени-рухани орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы ретте, Президентіміздің Түркістан қаласына айрықша мәртебе беріп, өңірдің дамуын жіті бақылауда ұстап отырғанын атап өткен жөн. Саммитті дәл осы киелі мекенде өткізу туралы бастамасы – шаһардың тарихи рөліне деген зор сенімнің айқын көрінісі. Бұл ретте, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен құқық қорғау және әскери сала өкілдеріне, медицина мен коммуналдық қызмет мамандарына, еріктілер мен мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ қонақжай Түркістан жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту және импортты алмастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз бірінші кезекте, республика және облыстың тауар айналымына, сондай-ақ өңірдің шикізаттық әлеуетіне кешенді талдау жүргіздік. 2025 жылы өңірдің сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 %-ды құрады. Соңғы үш жылда экспорт көлемі 142%-ға ұлғайып, 2025 жылы 1,8 млрд АҚШ долларына жетті. Сыртқы саудада 5 негізгі стратегиялық серіктес мемлекеттер айқындалды. Олар: Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия елдері. Зерттеулердің нәтижесінде, өңір экономикасының сыртқы саудадағы құрылымында экспорттың негізгі үлесі өңделмеген бастапқы шикізат тауарларына тиесілі екенін байқадық. Талдау жұмыстары өңір экономикасының әлсіз тұстарын анықтауға және шикізаттық экспорттан жоғары өңделген, қосымша құны жоғары дайын өнім шығаруға көшу бойынша нақты стратегиялық шараларды қабылдауға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда инвесторларға тек жер телімін ұсынып қоймай, нарықтың сыйымдылығы, шикізат көлемі және қаржылық көрсеткіштері есептелген дайын жобалар ұсынудамыз. Осыған орай, аудан және қала әкімдеріне дайын шикізаттық талдаулар мен бизнес-кейстерді негізге ала отырып, өз аумақтарына импортты алмастыратын инвестиция тартуды тапсырамын. Сөзімді қорытындылай келе, АҚШ-тың 35-ші Президенті Джон Кеннедидің: «Елім маған не істей алады деп емес, мен еліме не істей аламын деп сұра» деген белгілі қағидасын атап өткім келеді. Осы орайда, баршаңызды өңіріміздің экономикалық тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі